26.10.2022, 15:12 21381

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16%-ға дейін көтерді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16%-ға дейін көтерді
Астана. 26 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.
 
Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 17%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 15% болады.
 

Мөлшерлеменің артуы өсіп отырған инфляциялық қысымды көрсететін факторлардың жиынтығына байланысты. Қыркүйек айының нәтижесі бойынша инфляция болжамнан айтарлықтай асып түсті. Шешім қабылдауға негізгі факторлар жоғары инфляциялық күтулер, орнықты сұраныс, фискалдық серпін, тұрақты тауар жеткізу жолдарына қайта бағыттауға байланысты өндіріс шығасыларының өсуі, сыртқы инфляцияның жалғасып отырған әсері, оның ішінде сақталып отырған Ресей рублі бағамының күшеюі болды", - делінген хабарламада.

 
Базалық мөлшерлемені арттыру экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігіне қолдау көрсетіп, ішкі валюта нарығындағы теңгерімге ықпал ете отырып, 1-2 жылдық кідіріспен әсер етеді.
 

2022 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция болжанған көрсеткіштен айтарлықтай ауытқып, 17,7% құрады. Инфляцияның барлық құрамдас бөліктері бойынша бағаның орнықты өсуі байқалады. Тұтыну бағаларының маусымдық сипатты есептемегендегі шілде айында өсуі баяулағаннан кейін ол соңғы айларда айтарлықтай жеделдеді. Қыркүйекте жылдық көрсеткіш 26,8% (2022 жылғы шілдеде – 17,7%) болды. Базалық инфляция жылдық мәнде 19,7%-ға жетіп, жоғары деңгейде қалыптасуда. Бұл экономикада ұзаққа созылған жоғары инфляциялық аяны қалыптастыру тәуекелін көрсетеді", - делінген хабарламада.

 
Халық тарапынан бағаның болашақтағы өсуін бағалау көбінесе азық-түлік өнімдері бағасының күтілетін өзгеруіне, сыртқы оқиғаларға және айырбастау бағамының өзгерістеріне байланысты. Инфляциялық күтулердің өсуі қысқа мерзімді сипатқа ие көші-қон өзгерістері аясында орын алды. Дегенмен, бұл инфляциялық күтулерге тікелей ықпал ете отырып, екінші реттік әсер ету тәуекелдерін тудырды.
 
Сондай-ақ, Ұлттық банктің мәліметінше, жаһандық экономиканы одан әрі дамыту болашағы тағы да нашарлады.
 

ХВҚ-ның 2022 жылы әлемдік экономиканың өсуі жөніндегі болжамдары 3,2% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Бұл ретте 2023 жылы бағалау 2,9%-дан 2,7%-ға дейін төмендеді. Жоғары геосаяси тәуекелдер, жоғары инфляциялық қысым, Қытайда экономикалық белсенділіктің төмендеуі әлемдік экономиканың өсуін тежейтін негізгі факторлар болып қала береді", - деп атап өтті Ұлттық Банкте.

 
Қазіргі жағдайды ескере отырып, таяудағы отырыстарда базалық мөлшерлемені көтеру әлеуеті сақталуда және Ұлттық Банк проинфляциялық тәуекелдердің жай-күйін негізге ала отырып, ақша-кредит талаптарын қатаңдатуды жалғастыруға ниетті.
 
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 5 желтоқсанда Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны