2021 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамы жақсарды
НҰР-СҰЛТАН. 20 СӘУІР - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді және әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын ескере отырып, Үкімет 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері мен индикаторларын нақтылады.
Мәселен, 2021 жылы ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды. Мұнай бағасы барреліне $50 (бұрын $35), ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болжануда.
Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды.
Құрылыста болжам 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарына байланысты 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарды.
Ақпарат пен байланыс саласында АТ қызметтерге сұраныстың өсуі нәтижесінде болжам 3,8%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды.
Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт $10,8 млрд-қа – $52,2 млрд-қа дейін ұлғаяды. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды.
Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды.
Осы жылға арналған нақтыланған бюджет шығыстарының негізгі бағыттары — "Nur Otan" партиясының бағдарламасын және Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар шығындар пандемияға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ экономиканың нақты секторын ынталандыруға бағытталады.
Премьер-Министр ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.