28.04.2022, 18:17 18001

2025 жылға қарай Қазақстанда 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп уәде етілген

2025 жылға қарай Қазақстанда 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп уәде етілген
Сурет: primeminister.kz
НҰР-СҰЛТАН. 28 СӘУІР - Экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Вице-Премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Вице-Премьердің баяндамасы Халықтың табысын арттыру бағдарламасына арналды.
 

Экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Оның ішінде өндіріс саласында – 950 мың, инфрақұрылым саласында – 583 мың, ауыл шаруашылығында – 458 мың, туристік салада – 59 мың", - деді Тоғжанов.

 
Ералы Тоғжановтың айтуынша, халықтың табысына ықпал ететін жанама әсер жүйелі шараларды қабылдау арқылы қамтамасыз етіледі. Мәселен, бірінші кезекте, 50 ірі кәсіпорынның айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады, бұл ШОБ өкілдеріне кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
 

Қызылорда облысындағы бір ғана шыны зауытының айналасында шыны талшық, автомобиль әйнектері, шыны кәдесыйлар, шыны ыдыстар, шыны мақта, смартфондарға арналған өте жұқа әйнектер өндіретін 8 шағын зауыттан тұратын ШОБ белдеуі құрылады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобаларға да осындай тәсіл қолданылатын болады", — деп мысал келтірді Е. Тоғжанов.

 
Сұранысқа ие өндірістік тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа өндірістерді локализациялау. Мұнай-газ саласының төрт зауытын іске қосу құбырлардың, сорғылардың, арнайы ыдыстардың, шөлмек өнімдерінің, геотекстильдің, тоңазытқыштардың және кондиционерлердің аралас өндірісін құруға мүмкіндік береді. Мұндай өнімді 37 отандық тауар өндіруші шығарады. 
 
Сондай-ақ, Вице-Премьердің айтуынша, фармацевтика, биотехнология, IT-технологиялар және мұнай химиясы салаларында 5-6 қайта өңдеудің жаңа өнеркәсіптік индустрияларын құру арқылы өңдеу өнеркәсібін жаңғырту қолға алынды. Жаңғырту отандық тауарларды өндіру және кейіннен экспортқа шығару есебінен импортқа тәуелділікті еңсеруге мүмкіндік береді.
 
Керамикалық плиталар, кальцийленген және каустикалық сода, жылу оқшаулағыш материалдар, арнайы кокс, калий тыңайтқыштары және т. б. сияқты тауарлар бойынша импортты толық алмастыруға қол жеткізу жоспарланып отыр. Ферроқорытпалардың әлемдік экспортында екінші орынға шығу, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру көзделген.
 
Вице-Премьер сондай-ақ, Үкімет 2025 жылға дейін ЖІӨ-дегі жалақы үлесін 31%-дан 38,5%-ға дейін көтеруге ниетті екенін айтты.
 

Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы 1 млн-нан астам бюджет саласы қызметкерінің, квазимемлекеттік сектордың, өндірістік персоналдың еңбек ақысын көтеруді қарастырады. Мемлекеттен қолдау алатын бизнеске нақты міндеттемелерді белгілеу арқылы 2,8 млн қызметкердің жалақысын арттыру көзделген", - деді Тоғжанов.

 
Бүгін брифингте сондай-ақ, Бас прокуратура Қазақстанның ірі кәсіпорындарында 6,5 мыңнан астам қауіпсіздік бұзушылығын анықтағаны туралы хабарланды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны