11.03.2022, 17:22 32666

Қазақстандық экспорттаушылар ТХКБ бағыты бойынша 2 млн тонна жүк тасымалдауды жоспарлап отыр

Қазақстандық экспорттаушылар ТХКБ бағыты бойынша 2 млн тонна жүк тасымалдауды жоспарлап отыр
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 11 НАУРЫЗ - Қазақстандық экспорттаушылар Транскаспий халықаралық көлік бағдарына (ТХКБ) басқа бағыттардан 2 млн тоннаға дейін жүк жөнелтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

2022 жылы бұл бағытта 30 мыңнан астам ЖФЭ тасымалдау бекітілген. Қазіргі жағдайды ескере отырып, ол 2 есе ұлғаюы мүмкін. Қазақстандық экспорттаушылар биыл ТХКБ-ге басқа бағыттардан 2 млн тоннаға дейін жүк жөнелтуді жоспарлап отыр. Оның ішінде мұнай өнімдері, металл өнімдері және көмір бар. Тиісті көлемді 4 млн тоннаға дейін арттыруға болады", - деді ҚР ИИДМ министрі Қайырбек Өскенбаев.

 
ҚР ИИДМ басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамыту мәселесі Министрліктің тұрақты бақылауында екенін атап көрсетті. Қазір оның әлеуетін арттыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
 
Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, ТХБК бойынша екі бағытта 10 млн тоннаға дейін, оның ішінде 200 мың контейнерге дейін тасымалдауға болады. Олар: Ақтау/Құрық – Баку(Алят) – Әзербайжан теміржолдары – Грузия теміржолдары - Батуми/Поти порты және әрі қарай Қара теңіздегі Варна/Бургас (Болгария) немесе Констанцаға (Румыния);
 
Ақтау/Құрык – Баку (Алят) – Әзербайжан теміржолдары – Грузия теміржолдары (Баку-Тбилиси-Карс бағыты) – Түркияның Қара теңіздегі және Жерорта теңіздегі порттары арқылы.
 
Сондай-ақ, министр болжанған көлемді тасымалдау үшін 2022 жылғы 9-10 наурызда ҚР ИИДМ Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігінің және Грузияның Экономика және тұрақты даму министрлігінің өкілдерімен кездесулер өткізгенін хабарлады.
 
Баку қаласында мүдделі министрліктер Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша 2022 жылға арналған тасымал жоспарын талқылап, автомобильмен орындалатын жүк тасымалдарын дамыту және ТХКБ дамыту үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаласты. 
 
Бірлескен кәсіпорын тариф белгілеу және жүктерді декларациялау мәселелерін шешуге, бірыңғай IT шешімдер қолдануға және аталған бағытта транзит жүктерді шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, уағдаластықты іске асыру үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
 

Тбилиси қаласында өткен кездесуде Грузия тарапы ТХКБ-ны ілгерілету үшін бірлескен логистикалық компания құру жөніндегі қазақстандық бастаманы қолдады. Кездесу қорытындысында бұл бағдарды одан әрі дамыту туралы бірлескен декларацияға қол қойылды", - деп хабарлады ведомствода.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны