01.04.2022, 17:30 16011

Ұлттық Банк наурыз айында $990 миллион валюталық интервенцияны жүргізді

Сыртқы күтпеген өзгерістердің ел экономикасына ықпалының алдын алып, ішкі валюта нарығындағы теңгерімді ұстап тұру үшін наурыздың бірінші жартысында Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырды.
Ұлттық Банк наурыз айында $990 миллион валюталық интервенцияны жүргізді
НҰР-СҰЛТАН. 1 СӘУІР - Айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің валюталық интервенция көлемі 990,5 млн АҚШ долларын немесе биржалық сауда-саттықтағы жалпы көлемнің 29%-ын құрады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Сыртқы күтпеген өзгерістердің ел экономикасына ықпалының алдын алып, ішкі валюта нарығындағы теңгерімді ұстап тұру үшін наурыздың бірінші жартысында Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырды.
 

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату наурыз айында 890,9 млн АҚШ долларға шықты. Ұлттық Банктің валюталық интервенциялары мен Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 55%-ын құрады", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

 
Ұлттық Банк БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ.
 

Геосаяси шиеленістің жоғары деңгейіне байланысты 2022 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша, теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, бір АҚШ доллары үшін 512,17 теңге болды. Алайда, осыдан кейін ұлттық валюта қозғалысының бағыты нығаю жағына қарай өзгерді. Осылайша, 31 наурызда KASE биржалық алаңындағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңге бағамы наурыз айының басынан бастап 5,7%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 467,03 теңге деңгейінде қалыптасты. Халықаралық қаржы нарықтарындағы түзету, сондай-ақ салықтық төлемдер кезеңі аясында теңгенің нығаюы орын алды", - деп хабарлайды мамандар.

 
Олардың айтуынша, қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады. 
 

Бұл ретте Ұлттық Банк экономикадағы құрылымдық өзгерістер, мемлекеттің жеңілдікпен кредиттеуінің азаюы, сондай-ақ айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстану қажетті талабы болып табылатын инфляциялық таргеттеудің толыққанды режиміне көшу жұмысын жалғастырып жатқанын атап өткен жөн", - деп толықтырды ведомствода.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны