15.10.2024, 12:25 29446

9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4%-ға өсті

9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4%-ға өсті
9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4%-ға өсті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен.

Үкімет отырысында ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды.

Премьер-Министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде экономиканың өсімі 4% -ды құрағанын баяндады. Нақты секторда оң динамика 5%-ды, қызмет көрсету саласында 3,8%-ды құрады.

Салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр.

Көлік қызметі 8,0%-ға, байланыс 6,4%-ға, сауда 6,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі 4,8%-ға өсті.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ды құрады. Инвестиция көлемі байланыста 81,7%-ке, білім беруде - 79,3%-ке, көлікте - 31,1%-ке, өңдеу өнеркәсібінде - 6,3%-ке, денсаулық сақтауда - 4,8%-ке өсті.

Қаңтар-тамызда еліміздің сыртқы сауда айналымы $91,7 млрд-ты құрады. Экспорт $53,5 млрд-ты, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $17,8 млрд-ты, импорт $38,1 млрд-ты құрады. Жалпы алғанда, ҚР-ның оң сауда балансы $15,4 млрд-қа тең.

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Өндіріс көлемі 4,8%-ға, тау-кен өнеркәсібінде 1,2%-ға өсті.

Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің көрсеткішінен 6,2%-ға артық.

Ауыл шаруашылығы өсудің белсенді кезеңіне өтті. Дәнді дақылдарды жинаудағы үдемелі қарқынның арқасында сала өндірісінің көлемі 11,4%-ға ұлғайды. Өсімдік шаруашылығының өсім 17,8%-ды құрады.

Н. Байбазаровтың айтуынша, экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларға баса назар аударуы қажет:

1.Игеру сомаларын қатаң бақылауға алып, инвестициялық бюджеттердің игерілуін қамтамасыз ету;

2.Жылдың соңына дейін мұнай өндірудің жоспарланған көлемін қамтамасыз ету;

3. "Самрұқ-Қазына" холдингі отандық өндірушілердің тауарларын компания тобымен сатып алуын ұлғайтуды қамтамасыз етсін;

4. Астық жинауды толық көлемде аяқтау, "Қазақстан Темір Жолы" акционерлік қоғамы және мүдделі мемлекеттік органдар астықты, оның ішінде экспортқа үздіксіз тасымалдау мен өткізуді қамтамасыз етсін.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны