28.04.2021, 21:12 12454

Мәжіліс әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдады

Заң жобасы азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесуге және олар үшін қоғамдық пайдалы қызметке қатысуға, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өндіретін тауарларды нарыққа жылжытуға басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
НҰР-СҰЛТАН. 28 СӘУІР - Жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесі заң деңгейінде реттеліп, оның мәртебесі нақты айқындалуы тиіс екеніне назар аударды. 
 
Құжатқа сәйкес, субъектіні әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу туралы шешімді өңірлік комиссия қабылдайтын болады. Оның құрамына кімдер кіретінін және оның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету қалай жоспарланып отырғанын депутаттар назарға алды. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы: 
 

Қандай комиссия, қандай кәсіпкер болса да ол жергілікті халықтан артық білмейді. Сондықтан, бұл комиссияға қоғамдық өкілдердің кіргені дұрыс" – деп, сонда ғана бақылау ашық болатынын және бұл өте қажетті норма екенін айтты. 

 
Палата Спикерінің айтуынша, заң жобасы "әлеуметтік кәсіпкерлік" ұғымын, бизнес субъектілерін кәсіпкерліктің осы түріне жатқызу санаттарын анықтап, әлеуметтік кәсіпкер көмектесетін немесе оның кәсіпорнының штатында болуы тиіс халықтың әлеуметтік осал топтарының тізбесін нақтылайды. 
 
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, осының бәрі бизнестің әлеуметтік маңызды бағытын дамытуға мақсатты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. 
 
Мәжіліс Төрағасы өңірлік комиссия тізілімге енгізу үшін әлеуметтік кәсіпкерлердің өтінімдерін жинайтынын атап өтіп, осы тізілімде тұрған кәсіпкерлердің қосымша екі түрі бойынша салық жеңілдіктері болатынына (бұл мүлік салығын төмендету, сондай-ақ салық салынатын кірісті азайту) тоқталды.
 
Сонымен қатар, депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Олар: Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастыққа қатысты келісім және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама. 
 

Еуразиялық экономикалық одақ туралы заң жобасын қабылдау кедендік әкелу баждарын, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмасын пайдалану қажеттілігіне байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың шығындарын барынша азайтуға, сондай-ақ кедендік әкелу баждарын және басқа да төлемдерді әкімшілендіруді оңайлатуға мүмкіндік береді", - деп хабарлады палатаның баспасөз қызметінде.

 
Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы келісімге қатысты ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл құжат екі елге тәжірибе, статистика және ақпарат алмасуға, жұмыста практикалық көмек көрсетуге, заңсыз көші-қон мәселелерін шешуге, қос азаматтықпен күресуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ, Қазақстан мен Әзірбайжан азаматтарының құқықтық мәртебесі айқындалатын болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны