17.05.2021, 18:04 10133

Қазақстандықтар ұлттық санаққа алғаш рет онлайн қатыса алады

2021 жылдың Ұлттық санағын 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz. арнайы сайтында онлайн режимде респонденттердің өздерінің толтыруы арқылы жүргізу жоспарлануда.
НҰР-СҰЛТАН. 17 МАМЫР - Қазақстандықтар ұлттық санаққа алғаш рет онлайн қатыса алады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
 
2021 жылдың Ұлттық санағы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезең аралығында өтеді. Оған онлайн режимде де, сондай-ақ, дәстүрлі тәсіл арқылы да қатысуға болады.
 
Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, 2021 жылдың Ұлттық санағын 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта sanaq.gov.kz. арнайы сайтында онлайн режимде респонденттердің өздерінің толтыруы арқылы жүргізу жоспарлануда.
 
Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады.
 
Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.
 
Мобильді азаматтар үшін "Aitu" мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылатын болады.
 

1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды, мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі және ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізілетін болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы - интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті статведомствода.

 
Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-і қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді. 
 
Санақ кезінде қазақстандықтардан не туралы сұрайды
 
2021 жылдың ұлттық санағын жүргізу кезінде Қазақстан азаматтарына барлығы 87 сұрақ қойылады деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы. 
 
Санақ парақтарындағы сұрақтар тізбесі айтарлықтай ұлғайтылған. Мұнда барлығы 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақтар кірістірілген. Сұрақтардың аясын кеңейтуге Еуропалық санақшылардың 2020 жылғы тұрғын үй қорын және тұрғындар санағын жүргізу жөніндегі ұсыныстары мен ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеттің әдістемелік материалдары негіз болды. 
 
Сауалнама 73 сұрақ аясында жүргізілген 2009 жылдың ұлттық санағынан ерекшелігі, 2021 жылдың санағында көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды, мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген. 
 
2021 жылдың Ұлттық санағы кезінде "1446" бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы. "1446" - елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс жасайды. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін. 
 
Сонымен қатар, респонденттер кез-келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін Бюроның stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.
 
Ел халқының саны 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 18 940,4 мың адамды құрады, оның ішінде қалалық – 11 204,8 мың (59,2%), ауылдық - 7 735,6 мың (40,8%) адам. 2020 жылғы 1 сәуірмен салыстырғанда халық саны 250,2 мың адамға немесе 1,3% - ға өсті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны