01.09.2021, 17:42 5054

Үкіметке отандық өнеркәсіпшілер үшін шикізаттың қолжетімділігі мәселесін шешу тапсырылды

2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түскен.
НҰР-СҰЛТАН. 1 ҚЫРКҮЙЕК - Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің экспортын ұлғайтуды және отандық өнеркәсіптің шикізатқа қолжетімділік проблемасын шешуді тапсырды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Парламенттің екі палатасының отырысында сөйлеген сөзінде Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек екенін атап өтті.
 
Ол 2020 жылдың қорытындысы бойынша, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түскенін атап өтті.
 

Орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру", - деді Тоқаев.

 
Ол әзірленіп жатқан "Өнеркәсіп саясаты туралы" заң өңдеу өнеркәсібінің алдында тұрған сауалдарға жауап беруге тиіс екенін хабарлады.
 

Соның бірі – шикізатқа қол жеткізудің қиындығы. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек деген қарапайым ережені енгізуіміз қажет. Үкімет жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешудің оңтайлы жолын табуға тиіс", - деп тапсырды Президент.

 
Сонымен қатар, оның айтуынша, еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын, геологиялық тұрғыдан зерделену деңгейі төмен екенін қаперден шығармаған жөн. 
 

Сапалы геологиялық ақпараттың инвесторларға қолжетімділігін арттыру қажет. Осыған орай түрлі ведомстволарға бағынатын бытыраңқы мекемелердің негізінде тиімді Ұлттық геология қызметін құру керек. Бұл орган жер қойнауын кімге және қалай беруді шешетін монополистке айналмауға тиіс. Оның міндеті – инвесторларға кешенді қызмет көрсетіп, қолдау білдіру", - деп түсіндірді Тоқаев.

 
Президент жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет екеніне сенімді.
 

Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек. Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде "бармақ басты, көз қыстымен" шешу заңсыз деп танылуға тиіс", - деді Тоқаев.

 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны