26.10.2021, 18:30 23372

Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Еңбек министрі С. Шәпкеновтің айтуынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда еңбек нарығының біртіндеп қалпына келуі жалғасуда, оның негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсетуде.
НҰР-СҰЛТАН. 26 ҚАЗАН - Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Үкімет отырысы барысында елдегі жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталғанын, ал жастар арасындағы жұмыссыздық өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, 3,7%-ды құрағанын хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Еңбек министрі С. Шәпкеновтің айтуынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда еңбек нарығының біртіндеп қалпына келуі жалғасуда, оның негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсетуде.
 

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес ағымдағы жылғы 2 тоқсанда жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрады. Оның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артты. Салалар бойынша жұмыспен қамтылғандардың қатарында қызмет көрсету саласының үлесі басым. Жұмыс берушінің бастамасымен уақытша жұмыспен қамтылмағандар саны 12,3 есеге кеміді", — деді Серік Шәпкенов.

 
Министр биыл 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету жоспарланғанын атап өтті. Оның ішінде 700 мың адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, 42 мың адам – Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында және 440 мың жаңа жұмыс орнын құру қарастырылған. Қазіргі уақытта осы 3 бағыт бойынша 1 млн-ға жуық адам қолдау шараларымен қамтылды.
 

"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылғы жылдың 9 айында 377 мың адам жұмыспен қамтылған болса, оның 70%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, барлығы 65 мың адам оқытумен қамтамасыз етілді. Кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 29 мың адам шағын несие мен кайтарымсыз грантқа ие болып, оның 25 мыңнан астамы алғаш рет өз істерін ашты және қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрды. 5,5 мың адам солтүстік өңірлерге қоныс аударды. 2,3 мың жұмысқа қабілетті жастағы қоныс аударушылардың 78%-ы жұмыспен қамтылды. Бағдарламаға қатысушылардың 39%-ы – жастар, 50%-ы – әйелдер, 53%-ы – ауыл тұрғындарының қатарынан. "Нұр Отан" партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған Еңбек бағдарламасы 83%-ға орындалды. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық көрсеткіштер толығымен орындалды", — деді еңбек министрі.

 
Бұдан басқа, "Нұр Отан" партиясының сайлауалды бағдарламасында ағымдағы жылы электронды еңбек биржасында пилоттық түрде 5 мың жұмыссыз азаматты тегін онлайн оқумен қамтамасыз ету қарастырылған, оның 93%-ы оқытудан өтті.
 
Министр, сондай-ақ, жаңа қабылданған "Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы" шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау құралдарын "бір терезе" қағидаты бойынша онлайн портал арқылы ұсыну көзделіп отырғанын айтты.
 

Аудандардың экономикалық мамандануын анықтау үшін 163 бас жоспар әзірленіп, мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер осы бас жоспармен көзделген бағыттар бойынша ұсынылатын болады. Мемлекеттік гранттар ұсыну процесі толық автоматтандырылып, бизнес жоспардың тиімділігін бағалау жүргізілетін болады. Бұл мемлекеттік гранттарды тағайындау барысында адами факторларды жоюға, грант алуға өтінімдердің қаралу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 150 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жастар мен әлеуметтік осал топтарға 100 мың жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру сияқты шаралар көзделген", - деді ЕХӘҚМ басшысы.

 
Сонымен қатар, Шәпкенов жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасын жүзеге асыру жалғасып жатқанын айтты. Ведомствоаралық комиссияда барлығы 241 жоба бекітілген, оның 225 жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде.
 

Мемлекеттік бағдарламалар және жеке бастамалар шеңберінде 464 мың жұмыс орындары құрылды, оның 56%-ы – тұрақты жұмыс орындары. Бұл жұмыс орындарының көпшілігі "Нұрлы жер", "Аумақтарды дамыту" бағдарламалары және жеке бастамалар шеңберінде құрылуда", - деді спикер.

 
ЕХӘҚМ басшысы жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің қолжетімдігін арттыру мақсатында Цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын ендіру бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын айтты.
 

Биылдан бастап жұмыссыз ретінде тіркеу, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру қызметтері электронды еңбек биржасы арқылы толық автоматтандырылды. Осы уақытта жұмыспен қамту орталығына жүгінген әрбір үшінші адам немесе 122 мың азамат онлайн қызмет алды. Портал арқылы 44 мың адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алса, 15 мыңнан астам адамға жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлем электронды еңбек биржасы арқылы онлайн түрде тағайындалды. 2022 жылдан бастап "Бастау бизнес", мемлекеттік гранттар, микрокредиттер беру, жұмыс орнында және жұмыс берушінің тапсырысы бойынша оқыту процестерін автоматтандыру жоспарланып отыр. Осылайша, алдағы жылы жұмыспен қамту саласындағы барлық қолдау шаралары 100% автоматтандырылатын болады", - деп атап өтті Шәпкенов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны