16.11.2021, 19:21 36477

ИИДМ бір отбасына суды тұтыну нормасын енгізуді ұсынды

Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
ИИДМ бір отбасына суды тұтыну нормасын енгізуді ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. 16 ҚАРАША - Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Үкімет отырысы барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдегендей, су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін халықтың өзі суды ұқыпты пайдалануға мүдделі болуы қажет.
 
Оның айтуынша, қолайлы өмір сүру үшін жеткілікті оңтайлы тұтыну нормасын айқындай отырып, сараланған тарифтерді енгізу қажет.
 

Барлық өңірлерде су тұтынуға кешенді талдау жүргізу және оның негізінде отбасына оңтайлы тұтыну нормасын айқындау керек. Бұл ауыз сумен жабдықтау өндірісіне және сарқынды суларды тазартуға жұмсалатын шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді", - деді Атамқұлов.

 
Ол, сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік деңгейі ауылдарда 91,8%, қалаларда 98% жетуі тиіс екенін айтты.
 
Сумен жабдықталмаған 1 922 ауылдың мәселесін шешу үшін мынадай шаралар қабылданып жатыр.
 
Үкімет басшысы А. Мамин ауыз сумен қамтамасыз етілу пайызы төмен өңірлерге, әсіресе Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,1%) және Жамбыл (82,2%) облыстарына келесі жылы көрсеткіштерді орташа республикалық деңгейге жеткізуді тапсырды.
 
Бұл ретте елді мекендердің ішіндегі сумен жабдықтау жобаларын (барлау жұмыстары, ЖСҚ әзірлеу) іске асырудың барлық сатылары топтық су құбырларының инфрақұрылымын жүргізу жоспарларымен үйлестірілуі тиіс.
 
Әкімдіктерге ауылдарды сумен жабдықтау бойынша ЖСҚ уақытылы әзірлеу жұмысын жандандыру қажет екені айтылды.
 
Үкімет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және осы жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. 
 
Ұлттық экономика министрлігіне индустрия, экология министрліктерімен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, инвестициялық шығындар, оның ішінде суды пайдаланудың цифрлық технологияларын енгізу қажеттілігін ескере отырып, судың тарифтік саясатын жетілдіру мәселелерін пысықтау тапсырылды. 
 
Индустрия министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, ауылдарды сумен жабдықтау объектілерін салу кезінде бақылауды күшейту шараларын қабылдау және тұтынушылармен кері байланыс функцияларын қоса отырып, елді мекендерді сумен жабдықтаудың интерактивті картасын өзектендіру тапсырылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны