12.01.2022, 12:40 34726

Қазақстанда елден ақша шығаруды бақылау күшейтілді

Қазақстанда елден ақша шығаруды бақылау күшейтілді
НҰР-СҰЛТАН. 12 ҚАҢТАР - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев елден заңсыз ақша шығаруға бақылауды күшейту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Биылғы жылғы 10 қаңтарда Ұлттық Банк Қаржылық мониторинг агенттігімен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе отырып елден заңсыз ақша шығаруға бақылауды күшейту бойынша бірлескен бұйрық қабылдады", - деді Досаев Үкімет отырысы барысында.

 
Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес операциялар жүргізуге арналған өтінімдер бойынша іс-қимылдар алгоритмі қабылданды, сондай-ақ күшейтілген қаржылық мониторинг жүргізілуі тиіс трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітілді. Талаптар айқын бұзылған жағдайда, мұндай операциялар жедел тоқтатылатын болады, деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы.
 

Қабылданып жатқан шаралар ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің ең үздік әлемдік практикасына негізделеді және KYC (know your client) қағидаттарын толыққанды енгізеді. Бұл капиталдың трансшекаралық ағындарының барынша айқындылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деді Е. Досаев.

 
Сонымен қатар, ол резиденттер мен бейрезиденттерді қоса алғанда, сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушылары мен инвесторлардың халықаралық операциялар жүргізу кезінде өз құқықтарына қысым жасалмайтынын және шектеу қойылмайтынын растады.
 
Кеше Мемлекет басшысы елден капиталды шығаруды бақылауға алуды тапсырды. Ол төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты капиталды шетелге, оның ішінде жалған мәмілелер жасау арқылы шығару қаупі артқанын мәлімдеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны