02.02.2022, 18:04 26491

Бірқатар өңір әкімдерінің орынбасарлары инвестиция тарту жоспарын орындамағаны үшін жауапқа тартылады

Республика бойынша негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар 94%-ға орындалды.
НҰР-СҰЛТАН. 2 АҚПАН - Инвестициялық штаб отырысында негізгі капиталға инвестиция тарту жоспарынан артта қалған өңірлер аталды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Республика бойынша негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар 94%-ға орындалды. Нысаналы көрсеткіштер Шымкент қаласында (115,5%), Ақтөбе (101,8%) және Қостанай (101,3%) облыстарында асыра орындалды.
 

Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (69,6%) және Қызылорда (66,4%) облыстарында тіркелді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша аталған екі өңір әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады", - деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

 
Қарағанды облысында (99,9%), Алматы қаласында (99,8%), Атырау (99,1%), Жамбыл (97,4%), Павлодар (96,2%) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (96,1%) сәл артта қалушылық бар. 
 
Шығыс Қазақстан (92,1%) және Маңғыстау (90,8%), Алматы (89,7%), Ақмола (89,4%), Түркістан (82,5%), Солтүстік Қазақстан (80,4%) облыстарында жоспар орындалмаған.
 

Көш соңында қалған өңірлер белгіленген KPI қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуы тиіс. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін әкімдерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырсын", — деді Ә. Смайылов.

 
Ақпаратқа сәйкес, 2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,3%-ға артық. 
 

Инвестициялар өсімінің негізгі локомотивтері экономиканың шикізаттық емес секторлары болды. Мәселен, инвестициялардың нақты көлем индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4 есе, құрылыста 1,2 есе, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті", - деп хабарлады Үкіметте.

 
Өңдеу өнеркәсібінде өсімінің неғұрлым жоғары көрсеткіштеріне металлургияда (+27%), тоқыма өндірісінде (+28%), фармацевтикада (+39%), химия өнеркәсібінде (+55%), минералдық өнімдерде (+100%) қол жеткізілді.
 
2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ҚР экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 49%-ға артып, $18,7 млрд құрады. 
 
Ведомствоның ақпараты бойынша, Қазақстан экономикасына іс жүзінде барлық негізгі инвестор елдер бойынша капитал ағынының өсуі байқалады. 
 
Топ-10 инвестор мемлекеттің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, ҚХР, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея және Франция кірді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны