18.03.2022, 18:00 98856

АӨК субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу келесі жылға ауыстырылады

Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.
НҰР-СҰЛТАН. 18 НАУРЫЗ - Биыл агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау қолданыстағы субсидиялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тетігін жетілдіру жұмысы жүргізілуде. Қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқасы дайындалды, олар Жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқыланды. Алайда, әлемдік азық-түлік нарықтарындағы құбылмалылыққа байланысты соңғы оқиғалар салдарынан және ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы шешім қабылданды, деді Қарашөкеев.
 
Сонымен бірге министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық агроөнеркәсіптік кешеннің орнықтылығын сақтап қалу қажеттігін ескере отырып, қазіргі уақытта республикалық бюджетті нақтылау кезінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда, ол өткен жылдан жинақталған берешекті өтеуге бағытталады, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде пайдаланылатын тауарлық және материалдық ресурстар бағасының өсуі салдарын жояды.
 
Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар субсидиялау нормативтерін бекіту жұмыстарын жандандырып, субсидиялауға бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуі қажет. 
 
Министрлік өз тарапынан фермерлер қауымымен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдемелерін қайта қарау жұмысын жалғастырады, сондай-ақ мемлекеттік субсидиялаудың жаңа бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу жұмысын жеделдетеді. Қазір ол Ақмола облысында тестілеуден өтуде. Оны екінші жартыжылдықтан бастап енгізу жоспарланып отыр.
 
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы мен бағаның бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына форвардтық бағамен сатып алу мәселесін зерделеу басталды.
 

Мұнда тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражаттың бір бөлігін күзгі сатып алудан форвардтық келісімшарттардың көктемгі аванстарына қайта бағыттау жоспарлануда. Осы мақсатта облыстар әкімдіктеріне отандық тауар өндірушілермен, өңдеуші кәсіпорындармен форвардтық келісімшарттар жасасу жұмысын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар біз қолданыстағы тұрақтандыру қорларын қалыптастыру қағидаларына қажетті өзгерістер мен толықтыруларды жеделдетіп енгізу жұмысын жүргізіп жатырмыз", — деп түйіндеді Е. Қарашөкеев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны