07.06.2022, 14:42 9166

Қазақстанда цифрлық платформалардың қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер беріледі

Қазақстанда 500 мыңға жуық адам түрлі онлайн-платформаларда жұмыс істейді, бірақ олардың әлеуметтік қорғауы жоқ.
НҰР-СҰЛТАН. 7 МАУСЫМ - Қазақстанда 500 мыңға жуық адам түрлі онлайн-платформаларда жұмыс істейді, бірақ олардың әлеуметтік қорғауы жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда шамамен 500 мың адам платформа арқылы жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай жұмыс форматы тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды", - деді Дүйсенова.

 
Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартудың пилоттық жобасын әзірледі. 
 
Т. Дүйсенованың айтуынша, платформалық жұмыспен қамтуды тану қолайлы режимді сақтай отырып, азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
 
Үкімет басшысы жобаны қолдап, ондағы бюрократиялық және басқа да кедергілердің бәрін алып тастау қажет екенін айтты.
 
Ол цифрлық платформалар аясында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктер беру үшін заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
 
Т. Дүйсенованың айтуынша, ұлттық еңбек нарығына демографиялық өзгерістер мен әлемдік экономиканың құбылмалылығы әсер етті. Бұл саладағы ең үлкен өзгеріс жаңа жұмыс күшінің пайда болуымен байланысты.
 

2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, жыл сайын осындай 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылады. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар мен Z буыны құрайды", — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны