27.08.2022, 10:46 12046

Смайылов: қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды

Сауда және интеграция министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау тапсырылды.
НҰР-СҰЛТАН. 27 ТАМЫЗ - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қантпен қамтамасыз ету бойынша жағдай тұрақталғанын атап өтті: қант қолда бар, қорлар толықтырылуда, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Өңірлерде дүрлігуге жол бермеу үшін қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет", — деді Әлихан Смайылов. 

 
Үкімет басшысы халықтың қант тапшылығы мен оның қымбаттауына қатысты наразылығын еске салды.
 

Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан да әділ сын айтылды. Осыған байланысты аталған саланы дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді", — деді Премьер-Министр. 

 
Әлихан Смайылов бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтты. 
 
Ол үшін егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есе арттыру жоспарланып отыр.
 

Бұл алдағы бес жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді", — деді Үкімет басшысы. 

 
Одан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, қант зауыттарын барынша жаңғыртып, олардың өндірістік қуатын арттыру қажет. 
 
Сөз соңында Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды толық көлемде орындауды тапсырды.
 
Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен, "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, қант зауыттарын жаңғырту және шикізат сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен кредит беру мәселесін пысықтау тапсырылды.
 

Сондай-ақ, зауыттар алдында, оның ішінде сатылатын өнім бағасының көтерілуіне жол бермеу бойынша қарсы міндеттемелерді белгілеу қажет", - деп нақтылады Смайылов.

 
Одан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Павлодар облысының әкімдігімен, "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, өңірде қант қызылшасы өндірісінің көлемін кеңейту шараларын қабылдап, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу мәселесін пысықтау тапсырылды.
 
Сауда және интеграция министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау тапсырылды.
 
Естеріңізге сала кетейік, Тоқаевтың сынынан кейін сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қызметінен босатылды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны