05.10.2022, 14:58 14756

Президент шағын қалаларда инженерлік инфрақұрылымның тозу мәселесін көтерді

Президент шағын қалаларда инженерлік инфрақұрылымның тозу мәселесін көтерді
Сурет: Depositphotos
ҚАРАҒАНДЫ. 5 ҚАЗАН - Шағын қалалардың мәселелерінің бірі инженерлік инфрақұрылымның тозуы болып табылады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуде айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Президент шағын қалалардағы инженерлік инфрақұрылымның тозу мәселесін шешу үшін үлкен қаражат қажет екенін атап өтті.
 

Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге қаражат көлемін ұлғайтуы қажет. Өйткені, біздің азаматтар қай қалада болса да, таза, жасыл желекке толы, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету - мемлекеттің міндеті", - деді Мемлекет басшысы.

 
Президент облыстың транзиттік-тасымал әлеуеті мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды.
 

Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке "Қарағанды – Балқаш" және "Балқаш – Бурылбайтал" тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын. Сонымен бірге "Қарағанды – Жезқазған" күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек", – деді Президент.

 
Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Қарағанды – Қарқаралы" тас жолын жөндеуді тапсырды.
 

Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет", - деп санайды ол.

 
Бұдан кейін Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту мәселесіне тоқталды. Президент Қарағандыдағы өндіріс ошақтарының едәуір бөлігі 5 моноқалада шоғырланғанын атап өтіп, облыс халқының жартысына жуығы осы қалаларды мекендейтініне назар аударды. Сондықтан қала халқының тұрмыс-тіршілігін ірі кәсіпорындарға тәуелді қылмай, оларға аутсорсинг қызметін көрсететін кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа өнім өндіруге баса назар аудару қажет.
 

Елімізде "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан облыс тұрғындары экология мәселесін жиі көтеретінін айтты. Осы ретте Президент ірі кәсіпорындарға қоршаған ортаның тазалығын сақтау жөнінде қабылданған міндеттемелерді, стандарттар мен нормаларды қатаң сақтау керек екенін еске салды.
 

Аймақтың индустриялық дамуы азаматтардың мүддесі мен тұрмыс сапасына зардабын тигізбеуге тиіс. Экология министрлігі бұл мәселені бақылауға алуы керек. Өндірістік кәсіпорындарға заманауи тазалау құрылғыларын қолданып, өндіріс процесін жетілдірумен және аумақты көгалдандырумен жүйелі түрде айналысқан жөн. "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы аясында мұндай шаралар бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдерін түгелдей экологиялық проблемаларды шешуге бағыттау мәселесін қарастыру маңызды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысының айтуынша, облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді.
 

Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы "АрселорМитталТеміртау" АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет", – деді Мемлекет басшысы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны