15.11.2022, 13:14 10066

ҚР Еңбек министрлігі зейнетақының орташа мөлшерін атады

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 108 993 теңге болды.
ҚР Еңбек министрлігі зейнетақының орташа мөлшерін атады
Астана. 15 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Биылғы жылдың 10 айында қазақстандықтарға 2,4 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы қазанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 245,1 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге - 74,6 млрдтеңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге - 170,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
 

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны - 2 млн 268 мың адам. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 108 993 теңге болды", - деп хабарлады ведомствода.

 
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
 
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
 
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса, онда 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді.
 
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
 
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемдеаударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
 
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны