24.01.2023, 12:54 18331

Жұманғарин Қазақстандағы пияз бағасына қатысты пікір білдірді

Жұманғарин Қазақстандағы пияз бағасына қатысты пікір білдірді
Сурет: depositphotos
Қазір пияз жоғары сұранысқа ие тауарға айналды

Астана. 24 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Үкімет кулуарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елдегі пияз бағасына қатысты пікір білдірді.

Қазір пияз жоғары сұранысқа ие тауарға айналды. Себебі пиязбен айналысатын Өзбекстан, Пәкістан, Ресей Федерациясында өндіріс жоқ. Қазір Мәскеу сөрелерінде пияз бағасы 500 теңгеге жетсе, Өзбекстанда 350 теңге тұрады. Ал бізде баға 170 теңгеге дейін өсті. Елімізде пияз тапшылығына жол берілмейді. Сондықтан да сыртқы сауда бойынша ведомствоаралық комиссия үш айға пияз экспортына тыйым салу туралы шешім қабылдады", - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.


Оның айтуынша, қазақстандықтардың тұтынуына ай сайын 30 мың тонна пияз қажет.

Қазақстанның шекара қызметі, мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығымен тікелей сөйлестім. Тұтынушыларды қажетті пияз көлемімен қамтамасыз ету жағдайы бақылауда", - дейді ол.


Сондай-ақ, Серік Жұманғарин БАҚ өкілдерінің пияз бағасы қымбаттай ма деген сауалына:

Белгілі бір сомада өсімді күту керек шығар. Мен болжам жасай алмаймын, бұл сұрақ өте субъективті", - деп қысқа қайырды Үкімет басшысының орынбасары.


Бұған дейін Қазақстанда пияз бір апта ішінде бірден 5,5%-ға қымбаттағаны хабарланған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қазақстан пияз экспортына 3 ай мерзімге тыйым салды. Қазақстанның оңтүстігінде қар мен аяз көкөністердің ерте өнімін жойды.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны