Қаңтар-қыркүйекте Қазақстанның ЖІӨ өсімі 3,4% құрады
Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетіп отыр.
Аталған есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы динамиканың жандануы, нақты сектордағы өсу қарқынының сақталуы, сауда балансының оң сальдосының нығаюы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік байқалып отыр. Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады. Қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік 2,9%-ға дейін өсті", — деді Ә. Ерғалиев.
Оның айтуынша, салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетіп отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалады.
Экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Министрдің сөзінше, соның ішінде өндіруші емес салаларға қомақты инвестициялар тарту байқалады. Биыл тоғыз айда тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 15,1%-ды құрады. Инвестиция құрылыс саласында 1,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 80,6%-ға, саудада 37,8%-ға, ауыл шаруашылығында 36,7%-ға, ақпарат және байланыста 14,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 18,9%-ға және қаржы саласында 15,6%-ға өсті", — деді Ә. Ерғалиев.
Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады.
Биыл қаңтар-тамызда сыртқы саудадағы тауар айналымы $62,8 млрд-ты құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш $37,5 млрд-ты құрады. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 23,2%-ға өсіп, $12,1 млрд-қа дейін жетті. Тауарлар импорты $25,4 млрд-ты құрады.
Жалпы, оң сауда балансы өткен айға қарағанда $1,7 млрд-қа өсіп, $12,1 млрд-ты құрады.
Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Министрдің мәліметінше, биыл қаңтар-қыркүйекте сала бойынша өндіріс көлемі 5,7%-ға өсті.
14 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Қостанай облыстарында байқалады.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 38,1%, машина жасау 22,8%, оның ішінде автомобиль жасау 31,6%, вагондар мен локомотивтер өндірісі 50,5%, сондай-ақ құрылыс материалдары 10,1%, пластмасса бұйымдары 31,4%, дайын металл бұйымдары 17,2%, киім 14% және жиһаз 14,9% деңгейінде серпінді өсуді көрсетіп отыр.
Министрдің айтуынша, өткен 9 ай бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7%-ға өсіп, құрылыс саласы жоғары қарқын көрсетті.
Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы қаласында, сондай-ақ Маңғыстау және Ақмола облыстарында байқалуда.
Министрдің ақпараты бойынша, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жалпы алғанда оң динамика сақталып отыр. Есепті кезеңде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Көрсеткіштің өсуі 8%-ды құрады. Оң динамика 14 өңір бойынша тіркелді, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.
Ауыл шаруашылығында өсім 1,4%-ды құрады. Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары көрсетті.
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай келесідей қалыптасты. Барлық көрсеткіш бойынша оң өсу 5 өңірде – Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент қалаларында байқалады. 6 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсу байқалады. Олар: Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қ. 4 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Батыс Қазақстан облысында 4 көрсеткіш бойынша өсу байқалады", - деп атап өтті Ерғалиев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.