17.03.2023, 09:23 77146

Алматы облысында жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды

АЭА Алматы қаласының солтүстігінде орналасқан
Алматы облысында жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды
Сурет: akorda.kz
Қонаев. 17 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Үкіметінің қаулысымен 2048 жылға дейінгі кезеңге Алматы облысында ауданы - 30 мың га "G4 City" арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Экономикалық аймақ Алматы қаласының солтүстігінде, ұзындығы - 80 шақырым А3 тас жолының (Алматы - Қонаев) бойында орналасқан, оның аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді. Жаңа экономикалық аймақ G4 City интеграцияланған қаласын құруға отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы климат ұсынады деп күтілуде, бұл өз кезегінде бүкіл аймақтың дамуына жаңа серпін береді.

Мәселен, 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде шамамен 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, құны 17 трлн теңгеден астам қызметтер мен тауарлар өндіру, сондай-ақ 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жалпы жаңа экономикалық аймақтың қызметі G4 City-де туризм, медицина, көлік-логистика, білім беру және мәдени-демалыс салалары инфрақұрылымының жедел дамуына септігін тигізеді деп күтілуде. Сонымен қатар АЭА режимі нысандарды салуға кететін негізгі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, G4 City даму тұжырымдамасына сәйкес интеграцияланған қала төрт ауданнан тұратын болады: Gate City - іскерлік және қаржылық орталық, Golden District - білім беру және медициналық хабы, Growing District - инновациялық-индустриялық және сауда-логистикалық аймақ, Green District - туристік кластер. G4 City-де шамамен 2,2 млн адам тұрады деп болжануда.

Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Gate City спутниктік қаласында магистральдық инженерлік желілер тартылып, тұрғын аудан салынып жатқаны хабарланған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Тегтер:ЌонаевАЭА

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны