28.12.2022, 09:56 26286

Қазақстанға қанша шетелдік компания көшірілді

Қазақстанға қанша шетелдік компания көшірілді
Сурет: primeminister.kz
Қазірдің өзінде 20-дан астам компания елімізге көшірілді

Астана. 28 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Жыл бойы Үкімет Қазақстанға бірқатар ірі шетелдік компанияны көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

62 компания бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізді: 21-і релокацияланды, 13-і пысықталуда, тағы 28-імен белсенді келіссөздер жүргізілуде", - деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.


Атап айтқанда, Honeywell (АҚШ) компаниясы Атырауда газ талдауыштарды, ал Алматыда басқару шкафтарын шығара бастады. Алдағы уақытта есептегіштер мен электр құрылғыларының өндірісін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Петропавлға Ural Motorcycles (РФ/АҚШ) ауыр арбалы мотоциклдер өндірісі көшірілді.

Weir Minerals (Ұлыбритания) Алматыда сорғы жабдықтарын, гидроциклондар, бекіту арматурасын құрастыру және қалпына келтіру жөніндегі өндірістік орталығын ашты.

Қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы автомобиль шығаратын Great Wall Motors (ҚХР) зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ нидерландтық Koppert компаниясы биотыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау зауытын, ал Knauff неміс компаниясы гипсокартон өндіретін кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.

Үкіметтің мәліметінше, осы жылы тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, мұнай өңдеу және т.б. секторларда кәсіпорындар өз жұмысын бастады.

Жалпыұлттық пул шеңберінде биыл құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылды және 15,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Негізгі жобалардың бірі ретінде Атырау облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты ерекше атап өтуге болады. Ол бірден осы өнімді әлемдік өндірушілердің ең озық ТОП-10 енді.

primeminister.kz

Саран индустриалды аймағында қуаттылығы жыл сайын 3,5 млн шина шығаратын алғашқы отандық зауыт өз жұмысын бастады. Отандық автомобиль өндірушілердің қажеттіліктерін толығымен жабуға оның мүмкіндігі жетеді деп күтілуде. Жобаға тартылған инвестиция көлемі 171 млрд теңгені құрады.

primeminister.kz

Шымкентте "Оңтүстік" индустриялық аймағы базасында алюминий банкалар мен сусындарға арналған қақпақ түрлерін шығаратын Орталық Азиядағы ең қуатты зауыттардың бірі (жылына 500 млн дана, ҚР ішкі қажеттілігін 65%-ға жабады), Шығыс Қазақстан облысында - май экстракциялық зауыты (жылына 300 мың тонна, 100% экспортқа жіберіледі, Маңғыстау облысында - сорғы штангалары мен муфталар шығаратын зауыт (жылына 650 мың дана өнім шығарылады, ішкі қажеттілікті 78%-ға жабады) ашылды, Жамбыл облысында - минералды тыңайтқыштар өндірісі кеңейтілді (жылына 1,5 млн тонна, Қазақстанда осы өнім шығаруды 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді).

Жалпы, 2022 жылғы барлық жаңа жобалар жобалық қуаттылығына шыққан кезде олардың жиынтық өндіріс көлемі шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды, оның ішінде экспорт - 1,1 трлн теңге, импортты алмастыру - 0,6 трлн теңге.

Сонымен қатар биыл Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытудың 2026 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Оның негізгі мақсаты - ішкі нарықты кейіннен экспортқа шығарылатын отандық өндірістің бәсекеге қабілетті тауарларымен қанықтыру. Жалпы, Бағдарлама шеңберінде 761 тауар шығаруды жолға қою жоспарлануда, бұл болашақта шикізаттық емес экспортты шамамен $15 млрд-қа ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 4% жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда оның аясында 97 млрд теңге игеріліп, 12,4 мың автомобиль берілді. 2023 жылғы қаңтарда бағдарламаны қайтарымды қаражат есебінен қаржыландыруды жалғастыру жоспарланып отыр, бұл қысқа мерзімді перспективада қазақстандықтарға тағы 1300-ге жуық автокөлік ұсынуға мүмкіндік береді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны