16.08.2022, 15:59 9566

Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3% құрады

Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3% құрады
НҰР-СҰЛТАН. 16 ТАМЫЗ - Осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,3%-ды құрады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы жоғары өсу, қызмет көрсету секторындағы өсіудің жеделдеуі, оң сауда балансының сақталуы байқалуда. Нақты сектордағы өсім 3,4%-ды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,5%-ға дейін ұлғайды (қаңтар-маусымда 2,1%)", - деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ҚР Үкіметі отырысында.

 
Оның айтуынша, салалар арасында құрылыс (8,6%-ға өсу), ақпарат және байланыс (6,5%-ға), сауда (6,2%-ға), көлік және қоймалау (5,6%-ға), өңдеу өнеркәсібі (4,9%-ға), ауыл шаруашылығы (2,1%-ға), тау-кен өндіру өнеркәсібі (1,0%-ға) оң өсім көрсетуде. 
 
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 4,5%-ға дейін жеделдеуі байқалады (қаңтар-маусымда 2,6%).
 
Инвестициялар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруда – 99,2%-ға, білім беруде – 74,8%-ға, саудада – 26,4%-ға, денсаулық сақтауда – 26,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 19,9%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 17,3%-ға, құрылыс саласында – 14,8%-ға өсті.
 
Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент (28,6%-ға өсу) және Алматы (24,3%-ға) қалаларында, сондай-ақ Алматы (14,9%-ға) және Жетісу (14,4%-ға) облыстарында белгіленді. 
 
Төмендеу Ұлытау (35,3%-ға), Абай (12,9%-ға), Атырау (5,9%-ға) және Қарағанды (1,9%-ға) облыстарында тіркелді.
 

Сыртқы саудаға тоқталсақ, биыл І жартыжылдықта тауар айналымы 39,4%-ға өсіп, $63,7 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ға өсіп, $42,2 млрд-қа жетті. Өңделген тауарлар экспорты 33,5%-ға артып, $12 млрд болды. Тауарлар импорты $21,5 млрд-ты (14,8%-ға өсу) құрады. Жалпы, оң сауда балансы $20,8 млрд-ты құрады (2,5 есеге өсу)", - деп атап өтті ҰЭМ басшысы.

 
Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында өндіріс көлемі 4,9%-ға өсті.
 
17 өңір бойынша оң өсу көрсеткіші тіркелді. Ең жоғарғы өсу Шығыс Қазақстан, Абай және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалуда. Аталған өңірлерде азық-түлік тауарлары, мұнай өнімдері, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, түсті металлдар, тракторлар, жүк және жеңіл автокөліктер өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді.
 
Министрдің айтуынша, төмендеу Жетісу (7,5%-ға төмендеу), Павлодар (3%-ға) және Түркістан (0,2%-ға) облыстарында, негізінен ұн, алкогольсіз сусындар, тауар бетоны, уран, металл конструкциялары, аккумулятор, бензин, дизель отыны, феррохром, өңделмеген алюминий өндірісінің қысқаруы есебінен байқалуда.
 
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 7,7%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 19,6%-ға, компьютер, электронды және оптика құралдар жасаудың – 13,8%-ға, азық-түлік тауарлары – 2,8%-ға, сусындар – 9,1%-ға, пластмасса бұйымдары – 5,3%-ға, дайын металл бұйымдары – 3,0%-ға, химия өнеркәсібі тауарларының – 10,6%-ға, киім өндірісінің – 5,5%-ға өсуі қамтамасыз етілді.
 
Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1%-ға ұлғайды (қаңтар-маусымда – 1,9%). 
 
Салалар бөлінісінде өсім тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,7%-ды, газ өндіруде – 2,2%-ды, көмір өндіруде – 1,3%-ды, металл кендерін өндіруде – 0,9%-ды, шикі мұнай өндіруде – 0,3%-ды құрады. 
 
Өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 6,6%-ға төмендеу тіркелді.
 
Қаралып отырған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6%-ға ұлғайды (қаңтар-маусымда – 9,2%). 
 
Көрсеткіштің оң өсімі 17 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Алматы (29,6%-ға өсу), Ақмола (25,9%-ға) және Ұлытау (23,0%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент (20,5%-ға) қаласында байқалуда. 
 
Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Маңғыстау (22,1%-ға төмендеу), Абай (18,9%-ға) және Жетісу (10,8%-ға) облыстарында тіркелді.
 
Биыл қаңтар-шілде айларында 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,8%-ға төмен болып отыр. 
 
Оң өсу 14 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғары көрсеткіштер Түркістан (20,3%-ға өсу), Павлодар (16,6%-ға) және Қостанай (13,2%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында (15,0%-ға) байқалуда.
 
Төмендеу Ұлытау (42,3%-ға төмендеу), Маңғыстау (20,7%-ға), Атырау (8,7%-ға), Жетісу (3,9%-ға) облыстарында, сондай-ақ Алматы (13%-ға) және Нұр-Сұлтан (0,7%-ға) қалаларында тіркелді.
 
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 2,1%-ға ұлғайды (қаңтар-маусымда – 1,4%). 
 
Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау (13,9%-ға өсу), Солтүстік Қазақстан (5,5%-ға) және Жамбыл (4,9%-ға) облыстары көрсетті. 
 
Төмендеу Қостанай облысында (7,2%-ға төмендеу) байқалды. 
 
7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. 
 
Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 3 өңірде – Шымкент қаласы, сондай-ақ Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалуда.
 
6 көрсеткіш бойынша оң өсуді 8 өңір көрсетті. Олар Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Ақтөбе облыстары.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Тегтер:ЖІӨӨсу

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны