Қазақстан халқының саны 19 млн адамнан асты
НҰР-СҰЛТАН. 20 ТАМЫЗ - 2021 жылғы 1 шілдеге еліміздегі халық саны 19009,6 мың адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 11256,5 мың (59,2%), ауылдықтар –7753,1 мың адам (40,8%), деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2020 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда халық саны 249,5 мың адамға немесе 1,3% өсті.
Халықтың табиғи қозғалысы
2021 жылғы қаңтар-маусымда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда (132,3 мың адам) 5,6% өсіп, 139,7 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,82 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-маусымда туылғандар саны 216,2 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-маусымға (197,3 мың адам) қарағанда 9,6% көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 22,94 туылғандарды құрады.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар 76,6 мың адамды құрады, бұл 2020 жылғы қаңтар-маусымға (65,0 мың адам) қарағанда 17,8% көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 8,12 қайтыс болғандарды құрады.
2021 жылғы қаңтар-маусымда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 1688 нәресте тіркелді. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (1507 шетінеген нәресте) 12,0% артты. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 7,81 оқиғаны құрады.
Халықтың көші-қоны
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-маусымда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 4595 адамды, елімізден кеткендердің саны 14192 адамды, көші-қонның айырымы -9597 адамды құрады.
Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 84,2% және 84,3% құрады.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2020 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 12%-ға артты. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (14227 адам), Нұр-Сұлтан (11354 адам), Шымкент (8074 адам), қалаларында және Маңғыстау облысында (308 адам).
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.