22.11.2022, 13:39 10956

Қазақстанда 1 млн гектардан астам жер су шығынымен суарылады

"Облыстардың әкімдіктері жоғары рентабельді дақылдарға және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстарын жандандырулары қажет", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Қазақстанда 1 млн гектардан астам жер су шығынымен суарылады
Сурет: Depositphotos
Астана. 22 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда 1,1 млн гектар жер әлі де жерүсті әдісімен суарылады, деп хабарлады Үкімет отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
 

Суармалы жерлерде суару суын тиімді пайдалану - маңызды міндеттердің бірі. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1,4 млн га суармалы жерлер алаңында өсірілді. Негізгі үлес, яғни 75,8% немесе 1,1 млн га жер әлі де жерүсті әдісімен суарылады", - деді министр.

 
Оның айтуынша, суарудың бұл әдісі фермер үшін арзанға түседі, бірақ су пайдалану бойынша ұтымсыз саналады.
 

18,3% немесе 268 мың га жерде су үнемдеу технологиялары қолданды. 5,9% немесе 86,8 мың га жер бастыру әдісімен суарылды", - деді Ербол Қарашөкеев.

 
Министрдің айтуынша, дақылдар бойынша суармалы жерлерде дәнді, майлы, астық дақылдары, көкөніс-бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш, қант қызылшасы өсіріледі. Негізгі үлесті бидай мен арпа сияқты тәлімі дақылдар, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты монодақылдар алады.
 

Осыған байланысты облыстардың әкімдіктері жоғары рентабельді дақылдарға және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстарын жандандырулары қажет", - деді министр.

 
Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің баяндауынша, осы жылы барлық тартылған судың шамамен 11,6 км3 тұрақты суаруға жіберілді, оның 97%-ы оңтүстіктегі бес облысқа - Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі, жалпы суару ауданы 1,61 млн га (ел бойынша 73%) болды, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
 
Аталған кезеңде трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі 5 322 су шығару құрылыстарына жөндеу жүргізілді, 1 512 км магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды реконструкциялау және механикалық тазарту жүзеге асырылды, суару үшін коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану үшін 67 сорғы қондырғысы сатып алынды, 107 мың га ауданда су үнемдеу технологиялары қолданылды.
 
Бүгінгі таңда 2023 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар басталды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны