20.12.2022, 11:54 14811

Қазақстанда энергетикалық бақылауды күшейту: Энергетика министрлігі ЖЭО-ны жылына төрт рет тексеру жүргізуді ұсынады

Қазақстанда энергетикалық бақылауды күшейту: Энергетика министрлігі ЖЭО-ны жылына төрт рет тексеру жүргізуді ұсынады
Сурет: Primeminister.kz
Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі қызметке шекті тарифті айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу қажет

Астана. 20 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында Қазақстанда энергетикалық бақылауды күшейту бойынша бірқатар шараларды ұсынды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
 
Энергетика министрлігінің басшысы айтқандай, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес субъектілерді тексеру нормативтік құқықтық актілердің талаптары көрсетілетін тексеру парақтары негізінде жүргізіледі.
 

Алайда тексеру парақтарына жергілікті пайдалану нұсқаулықтарында және нормативтік құқықтық актілерге жатпайтын өндіруші зауыттардың нұсқаулықтарында көрсетілген энергия жабдықтарын пайдалану жөніндегі талаптар кірмеген. Бұл талаптар энергия кәсіпорындары мен тұтынушылардың энергия жабдықтарының тиісті техникалық жай-күйін қолдау үшін міндетті болып табылады", - деп түсіндірді ол.

 
Жоғарыда айтылғандардың негізінде Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау органының функциясын күшейту бойынша түзетулер дайындады және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасына енгізді. Сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық бақылауды күшейту бөлігінде реттеушілік әсерге талдау жүргізілді.
 
Ақшолақов Энергетика министрлігінің энергетикалық бақылауды күшейту тәсілдерін қолдау туралы өтінішпен жүгінді:
 
  • электр станцияларына, жылу және электр желілеріне энергетикалық бақылау жүргізе отырып, Кәсіпкерлік Кодекс шеңберінен шығару;

  • тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын қолданбай бақылауды жүзеге асыру;

  • станцияларды, жылу және электр желілерін жыл сайын кемінде 4 рет тексеру;

  • магистральдық жылу желілерін бақылауды жергілікті атқарушы органдардан Комитетке беру;

  • ұйғарымдарды сот тәртібімен мәжбүрлеп орындау;

  • авариялар мен технологиялық бұзушылықтардың туындауына қарай бақылау жасау;

  • жөндеу жұмыстарына және инвестициялық келісімдердің орындалуына тексеру жүргізу;

  • Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте айыппұлдарды ұлғайту және оларды кәсіпорындардың бірінші басшыларына салу.
 
Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру үшін 2023 жылы "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталып жатқанын еске салды.
 

Электр станцияларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді ол.

 
Оның айтуынша, жылумен жабдықтауды жүзеге асыратын және қатты тозған станциялардың техникалық аудиті негізінде инвестицияларды талап ететін басым жобалар айқындалатын болады.
 

Сонымен қатар, электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі қызметке шекті тарифті айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу қажет", - деп қосты Ақшолақов.

 
Бұған дейін ЭМ басшысы ЖЭО-да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет екенін айтқан болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны