08.09.2022, 16:46 29046

Қазақстанда мұнай өнімдерінің рекордтық көлемі өндіріледі - Мырзағалиев

Қазақстанда мұнай өнімдерінің рекордтық көлемі өндіріледі - Мырзағалиев
НҰР-СҰЛТАН. 8 ҚЫРКҮЙЕК - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдап жатқан шаралары туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Компания басшысының мәліметіне сәйкес, биыл Қазақстанда 17 миллион тонна мұнай өнімдері өңделеді. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
 

Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын кейінге шегеру жөнінде шешім қабылданды. Бұл ішкі нарықты қосымша 150 мың тоннаға дейін дизель отынымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының қажеттілігі үшін 100 мың тоннаға дейін дизель отынын импорттайды", - деді Мырзағалиев.

 
Мағзұм Мырзағалиев "ҚазМұнайГаздың" мұнай-газ химиясы саласындағы жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы полипропилен өндіретін зауытты іске қосу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын бір айдың ішінде іске қосылады деп жоспарланып отыр. 
 
Бұдан бөлек, Президентке полиэтилен және бутадиен өндірісіне қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы да айтылды.
 
Мемлекет басшысына Каспий құбыр желісі консорциумының теңіз терминалындағы қазіргі ахуал жөнінде мәлімет берілді. Мұнай танкерлерге тұрақты түрде құйылып, кестеге сәйкес жөнелтіліп жатыр.
 
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
 
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент ҚМГ басшысы мен энергетика вице-министріне дизель отынының тапшылығына байланысты жағдай үшін қатаң сөгіс жариялаған болатын.
 
Тамыз айында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бағаларды бақылау және ЖЖМ тапшылығын болдырмау жөніндегі комиссия құруды тапсырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны