12.01.2022, 14:36 41491

Қазақстанда ТЖ кезінде несиелер бойынша айыппұлдарға тыйым салынды

Қазақстанда ТЖ кезінде несиелер бойынша айыппұлдарға тыйым салынды
НҰР-СҰЛТАН. 12 ҚАҢТАР - Үкімет отырысы барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда бизнесті қолдау үшін төтенше жағдай режимі кезеңінде несиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдарға тыйым салынғанын айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚНРДА басшысы халыққа және бизнеске қолдау көрсету үшін биылғы 11 қаңтарда Агенттік төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беру бойынша бұйрық қабылдағанын айтты.
 

Төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұл есептеуге тыйым енгізілді, сондай-ақ шағым-талап жұмысы тоқтатыла тұрады", - деді Әбілқасымова.

 
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Агенттік мынадай шараларды іске асыратын болады:
 
Біріншіден, банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігін пруденциялық реттеу шеңберінде жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен шаралар қабылданатын болады.
 

Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептен қарыз алушыда тұрақты кірістің болуын дәйекті түрде растай алмайтын кірісті айқындау өлшемшарттары алып тасталады", - деп түсіндірді Әбілқасымова.

 
Тәуекелге бағдарланған қадағалау шеңберінде банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер бойынша қосымша шектеулер енгізу де қарастырылады.
 
Нәтижесінде банктердің жеткілікті төлем қабілеті жоқ қарыз алушыларға несие беруі шектеледі, деді ол.
 
Екіншіден, Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі шеңберінде жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторлардың өндіріп алуына берілген проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылданатын болады. 
 
Үшіншіден, Агенттік жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің шекті мәндерін реттеу, сондай-ақ кредиттер бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемелерінің есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу бойынша шаралар қабылдайтын болады. Бұл жаңадан берілетін кредиттер бойынша халықтың борыш жүктемесінің өсуін шектеуге мүмкіндік береді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны