06.02.2023, 09:23 33646

Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталды

Өтінімдерді қабылдау сағат 10.00-де басталады
Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталды
Сурет: Depositphotos
Астана. 6 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Ағымдағы жылдың 6 ақпанынан бастап жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау үшін пилоттық платформа іске қосылды. Жеке тұлғаның жеңілдетілген автонесие бағдарламасына қатысушылар тізіміне енгізу туралы өтінімін тіркеу Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де қолжетімді болады. Бұл туралы "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ ("Қазақстанның Даму Банкі" АҚ еншілес ұйымы) хабарлайды.

Өтінімдерді қабылдау Астана уақыты бойынша сағат 10:00-де www.autonesie.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі. Осы орайда өтінім беру үшін компьютер арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны енгізіп, қосылуға болады. Платформада тек Қазақстан Республикасының аумағында тіркелуге мүмкіндік бар", - деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.



Бұл ретте сайтта өтінім берген кезде өтініш берушінің деректері автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасатыны нақтыланды. Өтініш беруші міндетті түрде телефон нөмірін енгізіп, автокөлік өндіруші компанияны таңдап, өтінімге қол қояды. Өтінімнің тіркелуі барысы сайттағы "жеке кабинет" арқылы тексеріледі.

Қор платформа бағдарламаға қатысушылардың пулын қалыптастыратынына, дилерлік орталықтарда автокөлікті және бағдарламаға қатысушы банктерде кредитті беру кезектілігін анықтамайтынына назар аударды. Өтінімді бергеннен кейін автоөндірушіні өзгерту мүмкін емес.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айында бастау алды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге ("Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Forte Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ және "Еуразиялық Банк" АҚ) 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады.

Бүгінгі таңда "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ желісі бойынша қолданыстағы автокредиттерді өтеуден жинақталған қаражат көлемі 7,6 млрд теңгені құрайды. Осы деректерді ескере отырып, пилоттық платформаның алғашқы іске қосылу барысында 761 өтініш берушіге дейін тіркеле алады. Өтініш берушілердің осы санына жеткен кезде платформада өтінімдерді қабылдау автоматты түрде тоқтатылады, ал "Өтінім беру" функциясы белсенді болмайды.

Кейіннен платформада өтінімдерді қабылдау ай сайын жүргізіледі және 100-ден астам өтініш берушіні тіркеуге мүмкіндік береді.

Өтінім берушінің өтінімі келесі жағдайда қабылданбауы мүмкін:

1. Бұған дейін Бағдарлама аясында автонесие алған болса;

2. Платформада өзекті өтінімі болса.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау платформасы өтінім берушілер мен автоөндірушілерге, сондай-ақ Бағдарламаға қатысушы банктерге өтінімнің мәртебесін өтінім берілген сәттен бастап автомобиль берілгенге дейін онлайн нұсқада қадағалауға, сондай-ақ Бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының шарттары өзгеріссіз қалады:

  • 1 автомобильдің құны - 15 000 000 (он бес миллион) теңгеден аспайды;

  • қаржыландыру сомасы - 10 000 000 (он миллион) теңгеден артық емес;

  • қаржыландыру мерзімі - 7 жылдан аспайды;

  • бастапқы жарна - 0% бастап;

  • кредит беру валютасы - теңге;

  • сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 4%, бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушының автокөлікті сақтандыру және ресімдеу (оның ішінде кепілге қою) бойынша шығындарын ескере отырып, жылдық 7,5%-дан аспауы тиіс;

  • түпкілікті қарыз алушылар сақтандыру және отандық өндірістің жеңіл автокөлігін кепілге ресімдеу бойынша шығыстарды төлейді.

Бағдарламаға қатысатын автоөндірушілердің тізбесі:

  • "САРЫАРҚААВТОПРОМ" ЖШС;

  • "HYUNDAI TRANS KAZAKHSTAN" ЖШС.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны