26.08.2021, 20:44 10345

Қазақстандықтар ескі банкноттарды 163 млн теңгеге айырбастады

Банкноттарды ауыстыруға қатысты өтініштердің басым бөлігі Алматы (16,6%) мен Нұр-Сұлтан (9,7%) тұрғындарынан түсті.
НҰР-СҰЛТАН. 26 ТАМЫЗ - 2021 жылдың 12 маусымынан бастап қазақстандықтар жалпы мөлшері 163 млн теңгеден көп ақшаға 66 403 банкнот айырбастап алды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) 2021 жылдың 12 маусымынан бастап 2006 жылы және одан кейінгі жылдары шыққан банкноттарды мерзімсіз айырбастау кезеңі күшіне енгенін еске салады. 
 

Банкноттарды ауыстыруға қатысты өтініштердің басым бөлігі Алматы (16,6%), Нұр-Сұлтан (9,7%) және Қарағанды облысы (8,8%) тұрғындарынан түсті. Айырбастауға қабылданған купюралардың негізгі үлесін – номиналы 500 теңгелік банкноттар (47,1%) құрайды", - деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

 
Айналымнан шыққан 2006 жылғы үлгідегі номиналы 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік банкноттарды шекті мерзіміне қарамастан ҚҰБ-тың аумақтық филиалдарында айырбастауға болады.
 

Жаңа банкнот шыққан жағдайда ескі үлгісі 12 ай бойы қолданыста қатар жүреді. Бір жыл бойы ескі банкнот та, жаңа банкнот та заңды төлем құралы болып саналады және олар барлық төлем түрі бойынша қабылдануға міндетті. Қандай да бір банкнот айналымнан шыққан жағдайда 3 жыл ішінде оны ҚҰБ филиалдарынан да, екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері мен "Қазпошта" кеңселерінен де айырбастап алуға болады. Айналымнан алынған банкноттар 3 жыл өткен соң да ҚҰБ филиалдарында мерзімсіз айырбастауға жатады", - деп түсіндірді банкте.

 
Ұлттық Банк филиалдарының мекен-жайы мен байланыс деректері банк сайтында жазылған.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны