14.06.2022, 16:11 8961

Қазақстанның қандай ведомстволарында ең көп бюджет қаражаты игерілмеген

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты.
Қазақстанның қандай ведомстволарында ең көп бюджет қаражаты игерілмеген
НҰР-СҰЛТАН. 14 МАУСЫМ - Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР-ның қандай ведомстволарында игерілмеген бюджет қаражаты көп екенін айтты, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты. Мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 107%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 41 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 11 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 29 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына тиесілі болды (54 млрд теңге)", — деді Ерұлан Жамаубаев. 

 
Үкімет вице-премьерінің мәлімдеуінше, жоспардың асыра орындалуы биылғы 4 айдағы жұмыстарды, қызметтерді және тауарларды өткізу бойынша айналым сомаларының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,4%-ға ұлғаюына байланысты.
 
Сонымен қатар Қаржы министрлігінің басшысы баяндамасында Жоспардың орындалмай қалған жерлерін қозғады. Жоспар корпоративтік табыс салығы, импортқа қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша орындалмаған.
 
Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 648 ірі салық төлеуші бойынша аванстық төлемдер сомаларының азаюына байланысты орындалмаған. 
 
Импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмаудың негізгі себебі – үшінші елдерден импорттың төмендеуі. 
 
Өз кезегінде шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауы шикі мұнайға іс жүзіндегі мөлшерлеменің болжамды көрсеткіштен орташа 5,5%-ға немесе шикі мұнайдың баррелі үшін төмендеуіне және теңге бағамының АҚШ долларына шаққанда өзгеруіне байланысты болды.
 
Сонымен қатар баяндама барысында қаржы министрі жергілікті бюджет кірістері туралы есеп берді, олар 122%-ға атқарылды және 2 трлн 154 млрд теңгені құрады.
 
Қаржы министрлігін басшысының айтуынша, Жоспар 388 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 351 млрд теңгеге асыра орындалды.
 
Кірістер бойынша жоспарлар Түркістан облысынан басқа барлық өңірлерде асыра орындалды. 
 
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,3%-ға атқарылды. 
 
Республикалық бюджет бойынша 6,9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. 
 
Атқарылмау 65 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7 млрд теңге – үнемдеу. 
 
Игерілмегені – 58 млрд теңге.
 

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары төтенше жағдайлар, ішкі істер, денсаулық сақтау, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты. Премьер-Министр орынбасарының айтуныша, игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерінің ұзақ жүргізілуі, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, төлеуге берілетін шоттардың кеш ұсынылуы", - деді Ерұлан Жамаубаев.

 
Қаржы министрлігі басшысының баяндамасына сәйкес, жергілікті бюджеттердің шығыстары 3,5 трлн теңгені құрады. 
 
Атқарылмағаны – 61 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 маусымға 933 млрд теңге бөлінген. Оның 98,2%-ы игерілген. 
 
Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 4 млрд теңге – үнемдеу, 13 млрд теңге игерілмегені.
 
Ең көп игерілмеу Нұр-Султан қаласында, Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстарында қалыптасты.
 
Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың ұсынылмауы, жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау, конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуі, төлеуге берілетін шоттардың қазынашылық органдарына кеш ұсынылуы.
 

Биылғы 5 айда 5,3 трлн теңгеден астам сомаға 328,5 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 26 145 рәсімнің бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады", - деді Ерұлан Жамаубаев.

 
957 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 1,9 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 80 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. 
 
Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 71 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.
 
Сонымен қатар қаржы министрі аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 817 ұсыным берілгенін мәлімдеді.
 

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 721 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде жалпы саны 670 объектіден сомасы 61 млрд теңгеге 227 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 40 объекті сатылуға қойылды. 36 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 162 объекті – сату алдындағы дайындықта. 205 объектіні жаңа жеке операторлардың пайда болуына жол бермеу тұрғысынан Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының аясында Кешенді жоспардан алып тастау ұсынылады", — деп түйіндеді Ерұлан Жамаубаев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны