02.03.2021, 17:56 11422

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі импортты қандай азық-түлік тауарлары бойынша төмендету жоспарланғанын айтты

Нұр-Сұлтан. 2 наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров импортты қандай азық-түлік тауарлары бойынша төмендету жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі міндетті шешу үшін министрлік импортын қысқарту қажет позицияларды айқындады. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Бүгінгі күні алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы айқындалды", - деп хабарлады бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі.

 
Ауыл шаруашылығы министрі мәлім еткендей, қазір өзімізде өндірілетін құс етінің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана жабады. Толықтай молықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Өткен жылдың өзінде қуаты 94 мың тонна болатын 8 құс фабрикасы іске қосылды. Алдағы үш жылда жалпы қуаты 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл жобаларды үш жыл ішінде іске қосу құс еті бойынша қажеттілікті толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді, деді С. Омаров.
 
Ішкі нарық отанымызда өндірілетін шұжық өнімімен 62%-ға қамтамасыз етілген. Толықтай молықтыру қуаты 77,8 мың тонна болатын 6 ет комбинатын іске қосу есебінен, сондай-ақ айналым мақсаттарына арналған қаржыландыру және фермерлерді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
 

Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Молықтыру мәселесін өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларының қуаттылықтарын іске қосу мен кеңейту және отандық сүт зауыттарын жете жүктеу есебінен шешу жоспарланып отыр. Сондықтан жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл ретте өткен жылдың өзінде жалпы қуаты 98 мың тонна болатын 48 тауарлық сүт фермасы іске қосылды, оның 17-сі – өнеркәсіптік тауарлық сүт фермалары", — деді С. Омаров.

 
Бүгінгі таңда алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 144 мың тоннаны құрайды.
 

Ішкі нарықты 6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақтар салу есебінен молықтыру болжанып отыр. Ведомство басшысы атап өткендей, жаңа бақтар отырғызуды негізгі бақ өсіретін өңірлер: Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында шоғырландыру ұсынылады. Жыл сайынғы бақ отырғызу көлемі орта есеппен 2 мың га болады, бұл толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, алмаға деген тапшылықты жойып, 2024 жылы өз-өзімізді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деп нақтылады С. Омаров.

 
Қазіргі уақытта отанымызда өндірілетін қант тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды. Ішкі нарықты молықтыру Алматы облысындағы қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна қант болатын жаңа қант зауытын салу есебінен болжанып отыр. Министрдің айтуынша, қосымша 175 мың тонна қант өндіру есебінен қант тапшылығын шешіп, 80% қамтамасыз ету көлеміне шығу жоспарлануда.
 

Балық өнімдерімен қамтамасыз ету 60,8% құрайды. Ішкі нарықты молықтыру үшін өндіру қуаты 13,5 мың тонна балық болатын 8 жоба іске қосылатын болады. Бұл қамтамасыз ету көлемін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - деп қорытындылады Сапархан Омаров.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны