18.10.2022, 13:53 11261

Қазақстанның кейбір қалаларында электр желілерінің тозу деңгейі 80%-ға жетті

Премьер-Министрдің пікірінше, электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет.
Қазақстанның кейбір қалаларында электр желілерінің тозу деңгейі 80%-ға жетті
Астана. 18 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Өңірлерде электр желілерінің тозуы шамамен 65%-ды құрайды. Кейбір қалаларда бұл көрсеткіш тіпті 80%-ды құрайды, деп хабарлады Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
 
Премьер-Министрдің пікірінше, электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет.
 
Сонымен қатар экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады.
 
Премьер-Министр көрші елдердің энергия жүйесі арқылы энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуді, ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдауды, сондай-ақ қазан айының соңына дейін Үкіметтің қарауына "инвестиция орнына тариф" саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынуды тапсырды.
 
Сонымен қатар Энергетика министрлігіне көмір жағатын электр станцияларынан зиянды заттарды азайту және оларды кәдеге жарату технологияларын әзірлеп, қолданысқа енгізу тапсырылды.
 
Өз кезегінде "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, энергетикалық теңгерімге сәйкес 2035 жылға қарай электр қуатына қажеттілік шамамен 27 ГВт деңгейінде болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Қазақстандағы станциялардың қуаты 16 200 МВт құрайды.
 

2035 жылға қарай шамамен 17 ГВт жаңа базалық, икемді және жаңартылатын энергия қуаттарын салу қажет. Оның шамамен 11 ГВт Қор жүзеге асырады", - деді А. Сәтқалиев.

 
Оның айтуынша, бүгінгі таңда "Самұрық-Қазына" қоры электр энергетикасы саласында 6 басым жобаны іске асыра бастады. Құны 1,2 трлн теңгені құрайтын жобалар 2023 жылға дейін асырылады.
 
Басым жобалар аясында жалпы сомасы 9 трлн теңгеден асатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған.
 

Атом электр станциясын салудың ұзақ уақытын ескере отырып, жақын арада көмір өндіретін жаңа қондырғыларды салу қажет болады. Екібастұзда қуаты шамамен 1 200 МВт болатын жаңа ГРЭС салу мәселесі қарастырылып жатыр", - деді А. Сәтқалиев.

 
 "Самұрық-Қазына" қорының басшысы жобаларды іске асыру туралы толығырақ баяндап, екінші Алматы жылу электр станциясында 600 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы бойынша қаржыландыру мақұлданғанын атап өтті. Осы айда ашық тендер өткізіледі.
 
Үшінші Алматы жылу электр станциясында 450 МВт бу-газ қондырғысын салу аукциондық сауда-саттық механизмі бойынша жүзеге асырылады. Аукцион осы жылдың желтоқсан айында өткізіледі.
 
Бірінші Алматы жылу электр станциясында 250 МВт бу-газ қондырғысын салу бойынша "Самұрық-Қазына" қоры Энергетика министрлігімен жобаны іске асыру мен қаржыландыру механизмін пысықтауда.
 

Алматы энергетикалық кешенін газдандыру жобаларын жүзеге асыру мақсатында "Самұрық-Қазына" қоры газ инфрақұрылымын салу мәселесін пысықтап жатыр", - деп атап өтті Қор басшысы.

 
Түркістан облысындағы бу-газ жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлену үстінде.
 
 "Самұрық-Қазына" қоры Оңтүстік өңірде қуаты 900 МВтқа дейін тағы бір бу-газ станциясының құрылысын қарастырып жатыр.
 

Алматы қаласы мен Алматы облысында кабельдік желілерді қайта жаңғырту жобасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды", - деп қосты Сәтқалиев.

 
Бұған дейін Үкімет отырысында Энергетика министрлігінің басшысы Ақшолақов Қазақстанда электр энергиясын тұтынудың төмендеуі байқалғанын, бұл майнерлерді анықтаумен байланысты екенін айтты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны