14.03.2022, 18:14 16376

Азық-түлік тапшылығына негіз жоқ - АШМ

Ауыл шаруашылығы министрлігі апта сайын ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуде.
Азық-түлік тапшылығына негіз жоқ - АШМ
НҰР-СҰЛТАН. 14 НАУРЫЗ - Ауыл шаруашылығы министрлігі апта сайын ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуде, деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Нақтыланған жедел деректерге сәйкес 12 наурызда республикада 1,3 млн тоннаға жуық ауыл шаруашылығы әлеуметтік маңызы бар азық – түлік өнімі, оның ішінде ұн – 144 мың тонна, қант – 90 мың тонна, күріш – 39,3 мың тонна, макарон-21,5 мың тонна және 900 мың тонна көкөніс өнімдері және т.б. бар", - деп мәлімдеді Өсербай.

 
Оның айтуынша, азық-түлік қоры күн сайын жаңартылып, қажет болған жағдайда толықтырылып отырады. 
 

Республикада жарма, ұн және басқа да тауарлар өндіру үшін шикізат жеткілікті. Сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін мал басы жеткілікті", - деп атап өтті Жеңіс Өсербай.

 
Вице-министр азық-түлік тауарларының барлық түрлері бойынша халықтың қажеттілігі өз өндірісі есебінен қамтамасыз етілетініне, ал кейбір өнімдер бойынша қажеттіліктен едәуір асып түсетінін атап өтті.
 

Мысалы, жыл сайын тұтыну көлемі 1,6 млн тонна бола тұра орта есеппен 3 млн тоннадан астам ұн өндіріледі, 95 мың тонна қажет болған жағдайда күріш өндірісі 200 мың тоннаны құрайды. Басқа тауар түрлері бойынша көрсеткіштер осындай", - деп қосты Өсербай.

 
Ол сондай-ақ, елде ішкі тұтыну үшін де, ағымдағы маркетинг маусымының соңына дейін экспортқа белгілі бір көлемді жөнелту үшін де азық-түлік бидайының жеткілікті қоры бар деп сендірді.
 

Статистика деректеріне сәйкес, республика бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың қоры 9,1 млн тонна, 7,4 млн тонна бидай (оның ішінде 6 млн тонна азық - түлік және 0,3 млн тонна жемдік), 1,1 млн тонна арпа, дәндік жүгері 144 мың тонна, қара бидай 22,9 мың тонна", - деп мәлімдеді Өсербай.

 
Осылайша, өндірістің ағымдағы қарқынын сақтай отырып және тұтынудың дәстүрлі көлемдерін ескере отырып, елде азық-түлік тапшылығының туындауына негіз жоқ екенін хабарлаймыз, деді Жеңіс Өсербай.
 
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда бидай тоннасына 130 мың теңгеге дейін қымбаттады. Қазақстандық ұн тартушылар мұны Ресейдің астық экспортына енгізген тыйым салуымен байланыстырады және отандық астық өңдеу саласын қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауды, атап айтқанда, Қазақстаннан астық экспортына шектеулер мен баж салығын енгізуді талап етеді.
 
Сенбі күні Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігі және бағаны тұрақтандыру мәселелері талқыланды. Сол күні кешке Сауда министрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ елдегі "қант" дүрлігуіне түсінік бере отырып, қант тапшылығы жоқ екенін айтты.
 
Кеше ҚР Сауда және интеграция министрлігі республикада тауар тапшылығы жоқ екенін тағы да мәлімдеді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны