26.01.2023, 14:58 41436

ЕДБ Қазақстанға 1,1 миллиард доллардан астам инвестиция салуға ниетті

ЕДБ Қазақстанға 1,1 миллиард доллардан астам инвестиция салуға ниетті
Сурет: Depositphotos
Тоқаев интеграциялық үдерістерде ЕДБ-нің белсенді рөл атқаратынын атап өтті

Астана. 26 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) жұмысының нәтижелері және Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жоспары, сондай-ақ банктің алдағы кезеңге арналған болжамдары жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Биыл банк елімізге 1,1 миллиард доллардан аса қаржы құюға және халықаралық инвестициялардың қазақстандық жобаларға тартылуына ықпал етуге ниетті. Көлік инфрақұрылымы және логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, жасыл энергетика және су ресурстары секілді салаларға басымдық беріледі", - деп хабарлады баспасөз қызметі.


Николай Подгузов былтыр Еуразиялық даму банкі Қазақстанға құйылған инвестиция мөлшерін 2021 жылмен салыстырғанда 5 есе өсіріп, 1,2 миллиард долларға жеткізгенін, барлық жоспарлы көрсеткіштерді асыра орындағанын айтты.

akorda.kz

Сонымен қатар Мемлекет басшысына еларалық интеграциялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, Аягөз - Бақты теміржол желісінің және Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара өткелінің құрылысы, сондай-ақ Астрахань - Маңғышлақ су құбырын жаңғырту сияқты жобалар.

Бұдан бөлек, Президентке ЕДБ басқарма төрағасы биыл 15-17 мамыр күндері Алматыда өтетін Азия-Тынық мұхиты аймағының даму институттары қауымдастығының (ADFIAP) кездесуіне дайындық барысын баяндады. Жиынға әлемнің 40 елінен 80-нен астам даму институты, сондай-ақ халықаралық құрылымдар, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің салалық министрліктері қатысып, еліміздің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына инвестиция құю мәселелерін талқылайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев интеграциялық үдерістерде Еуразиялық даму банкінің белсенді рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, банктің инфрақұрылымды жаңғырту және салу жөніндегі жобаларға қатысуы Қазақстан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосады.

Бұған дейін хабарланғандай, ЕДБ Қазақстанның 2023 жылы ЖІӨ өсімін 4,2%-ға болжап отыр.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны