12.10.2021, 18:57 15688

ҰЭМ жаңа ұлттық жобаларды іске асыру қанша тұратынын айтты

Өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарлануда.
НҰР-СҰЛТАН. 12 ҚАЗАН - Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында ұлттық жобалар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жоғары кеңестің реформалар жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш ұлттық жобаны әзірледі: "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу", "Кәсіпкерлікті дамыту", сондай-ақ "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері".
 
 "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу" ұлттық жобасы бес бағытты қамтиды. Бұл индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия және энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты ілгерілету.
 
Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген.
 

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр", - деді спикер.

 
Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.
 

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Ұлттық жоба шеңберінде 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350-ге жуық экспорттаушыны "Alibaba" және "Amazon" сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етілетін болады", — деді ұлттық экономика министрі.

 
Өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарлануда. 
 
Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% жетеді.
 

Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы $41 млрд құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияларды 75% арттыру жоспарлануда. Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2 000 МВт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуатын іске қосу жүзеге асырылатын болады. Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемі 2,3 млн ш. км дейін ұлғайту жоспарлануда",- деп сендірді ҰЭМ басшысы.

 
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге және жаңа тауашаларды қалыптастыруға, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған.
 

Аталған бағыттарды іске асыру шеңберінде 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджетте 1 трлн теңгеден астам қаржы, ал жергілікті бюджеттерде 125 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестициялар тарту қамтамасыз етіледі", — деді ол.

 
Ол Ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз етуге бағытталғанын түсіндірді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдайлар жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес дағдыларды дамыту, сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданатын болады.
 

Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету болып табылады. Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда", - деді министр.

 
Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылатын болады.
 

"Бастау Бизнес" аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есеге өседі, соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсетілетін болады. Сауда инфрақұрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көп форматты сауда объектілері 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылатын болады. Жекешелендіруді дамытуға бағытталған шаралар мемлекеттің экономикадағы үлесін 14% дейін қысқартуды көздейді", - деп түсіндірді Ерғалиев.

 
Ол қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп сендірді.
 
 "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өңірлер арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді.
 

Осы бағыттарды іске асыру шеңберінде 4 міндет, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджетте 4 трлн теңгеден астам, ал жергілікті бюджеттерде 786 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 2,8 трлн теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді", - деді спикер.

 
 "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасының негізгі шаралары мынадай болып табылады: 
 
- 13,5 трлн теңге тұрғын үй құрылысына инвестициялар тарту; 
 
- 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу; 
 
- Екінші жолдарды салу және "Достық-Мойынты" учаскесін электрлендіру есебінен Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есеге ұлғайту; 
 
- "Түркістан-Шымкент-Ташкент" жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысын қамтамасыз ету.
 
Министр ұлттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша қол жеткізілетін нысаналы көрсеткіштерді атап өтті:
 
- Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне 100% қолжетімділік қамтамасыз етіледі;
 
- 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561 ауылдарды жаңғырту жоспарлануда;
 
- 103 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Республикалық автожолдардың барлығы және жергілікті деңгейдегі автожолдардың 95% жақсы жағдайға жеткізу көзделіп отыр;
 
- Автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк ағыны көлемін 2025 жылға қарай 30 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
 

Жалпы, жоғарыда аталған үш Ұлттық жобаны тиімді іске асыру тұрақты экономикалық өсуді 5% жоғары деңгейде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27% арттыруға және 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның позициясын 40-орынға дейін жақсарту көзделуде. "Ұлттық экономика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Ұлттық жобалар шеңберіндегі іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді", — деп түйіндеді Әсет Ерғалиев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны