16.03.2021, 18:18 9666

Үкіметте өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды

Үкімет алдына 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісін 1,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды.
Нұр-Сұлтан. 16 наурыз. Kazakhstan Today - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына және "Nur Otan" партиясының бағдарламасына сәйкес, Үкімет алдына 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өндірісін 1,5 есеге ұлғайту міндеті қойылды. 
 
Биыл қара металлургияның 5%-ға өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде ферроқорытпа өндірісін 10,4%-ға, болатты 17%-ға және прокат өндірісін 19%-ға, түсті металлургияны 4,5%-ға, оның ішінде мырышты 18,6%-ға, қорғасынды 18,8%-ға, мыс концентратын 9%-ға, алюминийді 6%-ға арттыру көзделген. 
 
Химия саласында фосфор тыңайтқыштары (+16,6%), аммофос (+15,4%), аммиак селитрасы (+10,7%) және хром қосылыстары (+13,6%) өндірісінің өсуі күтілуде. 
 
Машина жасауда автомобиль жасауды (+29%), теміржол вагондарын (+180%), ауыл шаруашылығы техникасын (+58%) және аккумуляторларды (+10%) қоса алғанда, 13%-ға өсім жоспарланған. 
 
Фармацевтика саласының өндіріс көлемінің өсуі 5% деңгейінде жоспарланған, бұл дәрі-дәрмектер өндірісін 10,2%-ға ұлғайту, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығару өндірісін іске қосу және 5 жаңа жоба есебінен қамтамасыз етілетін болады. 
 
Жеңіл өнеркәсіпте 5%-ға өсім күтілуде. Тоқыма өнімінің өндіріс көлемі 6%-ға, оның ішінде мақта-мата иірілген жібі (+ 50%), мата (+14%), кілем (+19%), киім (+11%), тері (+30,4%) ұлғайтылатын болады. 
 
Құрылыс материалдары өндірісінде темір-бетон бұйымдары (+16%), кірпіш (+15%), цемент (+11%), құрылыс ерітінділері (+13%), жылу оқшаулағыш материалдар (+12,5%), гипсокартон (+11%) өндірісін қоса алғанда, 6% деңгейінде өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда.
 

Биыл өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі көрсеткішінің 5,8% деңгейінде өсуіне қол жеткізуіміз керек. Машина жасауда, қара металлургияда, жеңіл өнеркәсіпте, фармацевтикада, тамақ өнімдерінің өндірісінде, құрылыс материалдарының өндірісінде өсімді әрі қарай қамтамасыз етуіміз қажет. Биыл жалпы сомасы 2 трлн теңгеге жуық 110 өңдеу жобасын енгізу керек", — деді А. Мамин.

 
Үкімет басшысы өндірістік процестерге жаңа технологияларды енгізу жөніндегі әлемдік трендтерді есепке алудың маңыздылығын, цифрлық инновациялық шешімдерді енгізетін кәсіпорындарды қосымша ынталандыру шараларын, сондай-ақ жұмыс күшінің өнімділігі төмен секторлардан анағұрлым өнімді секторларға ауысуын ынталандыру шараларын қабылдау қажет екенін атап өтті. 
 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанды дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын бекітті, оның негізгі басымдығы "мықты экономика" құру болып айқындалды. Стратегиялық салаларда ұлттық жобалар құрылатын болады. Мұнда өңдеу секторына ерекше назар аударылған", — деді А. Мамин. 

 
Премьер-Министр "Nur Otan" партиясының бағдарламасын орындаудың Жол картасына сәйкес 2025 жылға қарай экспортқа бағдарланған мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің 9 есе өсуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. 
 
Осыған байланысты Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-мен бірлесіп, биыл Атырау облысы мен Шымкентте үш мұнай-газ химиясы зауытын пайдалануға беруді тапсырды, бұл мұнай-газ химиясындағы өндіріс көлемін 400 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны