05.12.2022, 16:32 14206

Ұлттық Банк басшысы базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімді түсіндірді

Ұлттық Банк басшысы базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешімді түсіндірді
Осы шешім 2025 жылға дейін жаңартылған болжамдар мен нақты деректерді талдау негізінде қабылданды

Астана. 5 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов базалық мөлшерлемені +/- 1 дәлізімен жылдық 16,75%-ға дейін көтеру туралы шешімді түсіндірді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.
 
Оның айтуынша, шешім инфляциялық қысымды төмендетуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған.
 

Осы шешім 2025 жылға дейін жаңартылған болжамдар мен нақты деректерді талдау негізінде қабылданды. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені өсіру циклін аяқтауға жақындады", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
Ол қабылданған шаралар қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігін қолдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
 
Ол сондай-ақ валюта нарығы өз балансын таба бастағанын атап өтті.
 

Сәуір айынан бастап Ұлттық Банк шетел валютасын сату бойынша интервенциялар жүргізген жоқ. Біз экономикадағы дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырып келеміз", - деді ол.

 
Сондай-ақ, оның айтуынша, жалпы баяулауға қарамастан, кредит беру оң аймақта.
 

Сараланған саясат банктердің экономиканы кредиттеуінің оң өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік береді", - деді Ғалымжан Пірматов.

 
Мәселен, қазан айында экономикаға берілген кредиттер халық пен бизнесті теңгеде кредиттеу есебінен жылдық мәнде 21,5 трлн теңгеге дейін 24,9%-ға өсті, ал биылғы жылдың басынан бастап 16,1%-ға өсті.
 

Базалық мөлшерлеме жөніндегі шешім осы процестерді нығайта түседі және орта мерзімді кезеңде инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді. Бұдан былай қабылданатын шешімдерде нақты инфляцияның болжамды бағалауға сәйкес келуіне назар аударамыз", - деді Ұлттық банк басшысы.

 
Сонымен қатар, ол 2022 жылдың қараша айында инфляция жылдық мәнде 19,6%-ға жеткенін айтты.
 
24,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосуда.
 
Базалық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалыптасып келеді.
 

Айлық мәндегі инфляция туралы айтатын болсақ, биылғы қараша айында ол алдыңғы 2 аймен салыстырғанда 1,4%-ға дейін баяулағанына қарамастан, ол көп жылғы орта деңгейден асып, жоғары деңгейде қалып отыр", - деді Ұлттық банк басшысы.

 
Оның айтуынша, халықтың инфляциялық күтулері тарихи ең жоғары деңгейге жақын болып отыр. Биылғы қараша айында инфляцияны медианалық бағалау 18,2% болды.
 
Биылғы 4-тоқсанда кәсіпорындардың инфляциялық күтулері де рекордтық мәндерге жетіп, 17,6% болды.
 

Тауар жеткізу жолдарының бұзылуына байланысты тұрақсыз инфляциялық күтулер қысқа және ұзақ мерзімді тауарларды тұтынуды ынталандырып, тұрақты инфляциялық қысымға алып келді", - деп қосты Ғалымжан Пірматов.

 
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75%-ға дейін көтерді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны