29.09.2022, 18:30 17506

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде сақтап қалды
АСТАНА. 29 ҚЫРКҮЙЕК - Ұлттық Банк қалыптасып отырған экономикалық ахуалды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдарын ескере отырып, базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2022 жылғы тамызда теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 462,29 – 479,55 теңге аралығында өзгерді. Тамыздың соңында болған ірі салық аптасының аясында теңгенің айырбастау бағамы бір айда 1,0%-ға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 472,29 теңге болды.
 

Теңгенің айырбастау бағамының қалыпты нығаюына экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері үшін шетел валютасын сатуы ықпал етті. Тамызда Ұлттық Банк нарықтың теңгерімді болуы аясында валюталық интервенциялар жүргізбеді. Ұлттық қордан бюджетке трансфертті жүзеге асыру теңгедегі түсімдермен қамтамасыз етілді, сондықтан Ұлттық қордың валюталық активтерін сату жүзеге асырылған жоқ", - деп хабарлайды Ұлттық Банктің сайты.

 
Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 10,5%-ға ұлғайып, бір айда 11,3 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі – 2,2 млрд АҚШ доллары (2022 жылғы шілдемен салыстырғанда 9,1%-ға төмендеді), биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі – 9,2 млрд АҚШ доллары болды (16,4%-ға өсті). 
 
2022 жылғы тамызда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері алдын ала деректер бойынша 0,4%-ға төмендеп, 32,7 млрд АҚШ долларын құрады.
 

Алтын бағасының троя унциясы үшін 1 712,4 долларға дейін 2,6%-ға төмендеуі есебінен алтын-валюта резервтері төмендеді. Резервтердің ішінара төмендеуі ЕДБ-ның Ұлттық Банктегі валюталық шоттарына қаражаттың келуі есебінен резервтердің валюталық бөлігінің өсуімен теңестірілді", - деп хабарлады Ұлттық Банк.

 
2022 жылғы тамыздың соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (53,8 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 86,5 млрд АҚШ долларын құрады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны