27.04.2022, 18:05 21511

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің өсу себептерін атады

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің өсу себептерін атады
Сурет: ҚР Ұлттық Банкі
НҰР-СҰЛТАН. 27 СӘУІР - Базалық мөлшерлемені жылдық 14% деңгейінде белгілеу себептерін Қазақстан Ұлттық Банкінде түсіндірді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚҰБ Төрағасы Ғ. Пірматовтың айтуынша, қазіргі жағдайда инфляцияның өсу үрдісін кері қайтару үшін базалық мөлшерлемені арттыру қажет. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты шешім теңдестірілген және бұл шешім оның экономикалық белсенділікке әсерін ескере отырып қабылданады.
 

Біз бұдан несиелеуге және экономикалық өсуге айтарлықтай қауіп төндірмейтінін көріп отырмыз, бірақ инфляцияны бақылау үшін аса маңызды. Белгіленген базалық мөлшерлеменің деңгейіне қатысты айтатын болсақ, қазіргі уақытта оңтайлы шешім болғаны сөзсіз және бүгінгі қалыптасқан жағдайға толықтай сәйкес келеді. Жұмсартылған ақша-кредит саясаты бір мезеттік күмәнді пайдаға кенелтуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада оның салдары қайтарымсыз болады", – деді Ғ. Пірматов ҚҰБ-тың баспасөз-брифингі кезінде.

 
Брифингте айтылған мәліметтерге сәйкес, несиелендіру көлемінің өсуіне қарап экономикалық белсенділікті бағалауға болады. Мәселен, бірінші тоқсанда экономикаға берілген жаңа кредиттердің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3%-ға ұлғайды, оның ішінде бизнеске – 19,6%, халыққа – 32,5%.
 

Дегенмен, 2022 жылдың наурыз айының қорытындысы көрсеткендей, белгісіздік белең алып, несие беру шарттары өзгеріп жатқан жағдайда мөлшерлеменің көтерілгені кредиттеу үшін тежеуші фактор болмайды", - деді Ғ.Пірматов.

 
Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған бұл шешім теңгедегі активтердің тартымдылығын арттырады. Бұл өз кезегінде халықтың райын тұтынушыдан жинақтауға қайта теңдестіруге мүмкіндік береді.
 

Сонымен қатар инфляциялық күтулердің траекториясын, инфляция бойынша жаңартылған болжамдарды, жиынтық сұраныс пен импортты, сондай-ақ басқа да қосымша инфляциялық шоктардың пайда болу тәуекелін ескере отырып, ақша-кредит шарттарын одан әрі күшейту үшін де сақталған кеңістік бар", - деп түйіндеді Ғ. Пірматов.

 
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылы 6 маусымда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.
 
Естеріңізге сала кетейік, 25 сәуірде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14%-ға дейін көтерді. Келесі күні Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2022 жылғы сәуір мен мамырға мерзімсіз және қысқа мерзімді депозиттер бойынша ұсынылатын ең жоғары мөлшерлемелерді арттырды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны