20.10.2021, 17:39 47457

Мәжіліс 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

НҰР-СҰЛТАН. 20 ҚАЗАН - Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы сақталды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
 
Оның айтуынша, Үш жылдық кезеңде әлеуметтік сала шығыстары 26,7 трлн теңге болады. 2022 жылмен салыстырғанда биыл оның деңгейі 643,2 млрд теңгеге ұлғая отырып, 8,1 трлн теңгеге жетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
 

Бюджеттің жалпы көлеміндегі шығыстардың үлесі келесі жылы 50,8%-ға дейін өседі. Шығыстар көлемінің көп бөлігі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен оларға көмек көрсетуге бағытталған. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған шығыстар 2022-2024 жылдары 5,7 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңгені құрайды. Осы қаражат аясында медицина қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту көзделген", - деді Ерұлан Жамаубаев.

 
Оның сөзіне қарағанда, білім және ғылым жүйесін дамытуға 3 жылға 7 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылға 1,8 трлн теңге көзделген. Бұл биыл бөлінген қаражаттан 477,1 млрд теңгеге артық.
 

Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығыстар орта мерзімді кезеңде 3,6 трлн теңгені, оның ішінде 2022 жылға 2 трлн теңгені құрайды. Осы бағыт аясында барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға шығыстар көзделген. Олар біртіндеп ұлттық жобаларға ұласатын болады", - деді министр.

 
Заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзету енгізілді. Түзетулердің бірінші блогы Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, 2022 жылға азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының еңбекақыларын көтеруге 143,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделген. Түзетулердің екінші блогы депутаттардың бастамашылығы бойынша халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған.
 
Осылайша, "Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыруға, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен, су бұру қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй-шаруашылығын дамытуға қосымша қаражат көзделген.
 
2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4,7 трлн теңге бөлінетін болады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 29,3%-ын құрайды.
 
Ақпарат көзі: egemen.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны