Мәжіліс асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады
Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасының негізгі ережелерін нақтылауға бағытталған бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Мәселен, заң жобасына сәйкес асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы субъектілер өз қызметін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы уәкілетті органды өз қызметінің басталғаны туралы хабардар етпестен жүзеге асырады деп көзделіп отырған.
Сонымен қатар, бонитирлеу, қолдан ұрықтандыру және эмбриондарды ауыстырып салу бойынша мамандар көрсететін қызметтер сапасының төмендеуіне жол бермеу мақсатында осындай жеке тұлға-мамандардың өз қызметін бастағаны туралы уәкілетті органды міндетті түрде хабардар етуін қалпына келтіру ұсынылды", - деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Бұл ретте, олардың қызметіне қойылатын негізгі талаптар айтарлықтай жеңілдетіледі. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін жеке тұлғалардың "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" немесе "Ветеринария" бағыты бойынша білім туралы дипломы болса жеткілікті болады, бұл көптеген адамдар үшін қолжетімді болады, өйткені білімге қойылатын қазіргі талаптардың өз ерекшелігі бар.
Техник-ұрықтандырушының білім туралы дипломы не ауыл шаруашылығы малын қолдан ұрықтандыру курстарынан өткені туралы құжаты не осы бейін бойынша кемінде алты ай жұмыс өтілін растайтын құжаты болса жеткілікті болады.
Сонымен бірге, бұл мамандар оқу және біліктілігін арттыру курстарынан тұрақты негізде өтуге міндетті, ал олардың ұзақтығын уәкілетті орган әзірлеп, бекітеді.
Бұдан басқа, "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" заң әлемдік практикада кең таралған малға геномдық бағалауды жүзеге асыру нормаларымен толықтырылды. Бұл әдіс табынның өсімін одан әрі молайту және қажетті селекциялық өлшемдерге ие төл алу үшін перспективалық дарақтарды ерте кезеңде іріктеп алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бонитирлеу, индекстік бағалау, ұрпағының сапасы бойынша бағалау, өз өнімділігі бойынша бағалау (сынау) сияқты асыл тұқымды малдарды бағалаудың өзге де түрлеріне қатысты ережелер нақтыланды.
Осы жазылғандармен қатар, заң жобасында асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу мақсатында қабылданған алдын алу тетігі көзделген. Мәселен, уәкілетті орган ведомствосының бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігі бөлігінде толықтырулар енгізілді. Асыл тұқымдық және дистрибьютерлік орталықтармен, бюджеттік субсидиялар алған жеке және заңды тұлғалармен қатар республикалық палаталар да профилактикалық бақылау субъектілері (объектілері) болып табылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.