Мемлекеттік аудит мемлекеттік сатып алу саласында 288 млрд теңгеге бұзушылықтарды анықтады
Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 272 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды.
Астана. 10 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекеттік аудит бойынша осы жылдың 9 айында шамамен 10 трлн теңге сомасына 475 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, тексеру қорытындылары бойынша 31 650 рәсім бұзушылықтары анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 93%-ы орындады. 1 851 аудиторлық іс-шара өткізілді.
Аудитпен шамамен 3,6 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 288 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 272 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды", - деді Жамаубаев.
Сондай-ақ, министр ағымдағы жылдың үш тоқсанында бюджет қаражатын игермеудің ең үлкен сомасы қалыптасқан министрліктер мен ведомстволарды атады.
Республикалық бюджет бойынша 12,9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 494 млрд теңгені құрады, оның ішінде 9 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 485 млрд теңге", - деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Ең көп игерілмеу сомасы, оның айтуынша, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім, ішкi iстер және мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты.
Игерілмеудің негізгі себептері: министрліктердің қайта құрылуы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру бойынша нормативтік құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауы, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі үшін жүргізілді", - деп түсіндірді Жамаубаев.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,2 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 155 млрд теңге.
Биыл өңірлерге 3,4 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 2,1 трлн теңге бөлінген. Оның 100%-ы игерілген. 7,7 млрд теңге – үнемдеу, 39 млрд теңге – игерілмеген, 47 млрд теңге асыра орындалды", - деді спикер.
Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде қалыптасты: Маңғыстау және Батыс-Қазақстан облыстары, Астана қаласы.
Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну", - деп қосты Жамаубаев.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.