03.04.2023, 10:19 32106

Наурызда теңге 1,6%-ға әлсіреді

Наурызда теңге 1,6%-ға әлсіреді
Теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 452,7 теңгені құрады

Астана. 3 сәуір. KAZAKHSTAN TODAY - Наурыздың қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 452,7 теңгеге дейін 1,6%-ға әлсіреді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.
 
Ұлттық Банктің ақпараты бойынша, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 130 млн доллардан 164 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бір ай ішінде валюта нарығында энергия тасымалдау бағасының төмендеуі мен АҚШ-тағы және Еуроаймақтағы банк секторына қатысты алаңдаушылыққа байланысты нарық қатысушылары сентиментінің нашарлауы аясында құбылмалылық артты.
 

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 253 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз бетінше жүзеге асырады. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату наурызда 721 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ын және күніне 40 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді көрсетті. Ұлттық Банк Ұлттық қордағы қаражатпен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы әрі біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін мейілінше азайтуға мүмкіндік береді", - дейді сарапшылар.

 
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында наурызда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 232 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 7%-ын құрады.
 
Ұлттық Банк наурызда валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.
 

Сәуірде Ұлттық қордан сатудың нақты көлемі Қаржы министрлігінің республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған өтінімдеріне байланысты болады. Алдын ала болжам бойынша, Қаржы министрлігінің қажетті трансферттер сомасы бойынша ағымдағы болжамды бағдарларының негізінде сәуір айында Ұлттық Банк Ұлттық қордан 550 млн доллардан 650 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр", - деп болжайды Ұлттық Банкте.

 
Баспасөз қызметі қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болатынын қосты.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында теңге 3,2%-ға нығайды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны