12.12.2022, 11:34 15006

Он тоғыз шетелдік компания Қазақстанға көшті

I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша $14,5 млрд тікелей инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық
Астана. 12 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанға шетелдік капитал тарту жөніндегі жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Премьер-Министр Қазақстанға бірқатар шетелдік кәсіпорынды көшіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 19 компания көшірілді, ал басқалары бойынша бұл мәселе пысықталуда.

Сондай-ақ, ол алдағы 7 жылда кемінде $150 млрд тікелей шетелдік инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, Премьер I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша $14,5 млрд тікелей инвестиция тартылғанын атап өтті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға артық.

131 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейтін 30 трлн теңгеге 850 инвестициялық жобаның жалпыұлттық пулымен жұмыс жүргізілуде. Осы жылдың қорытындысы бойынша 18,5 мың жұмыс орнын құра отырып, 2 трлн теңгеге 190 жоба пайдалануға беріледі", - деді ол.


Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жоспардағы 284 инвестициялық жобаның 43-і ғана жүзеге асырылғанын атап өтті. Яғни, небәрі 15 пайызы іске қосылған.

Мұның бәріне құр цифр ретінде қарауға болмайды. Өйткені соның кесірінен көптеген жұмыс орны ашылмай қалды. Ел экономикасы миллиардтаған теңге қаржыдан қағылды. Сыртқы істер министрлігі шетелден инвестор тарту үшін тиімді жұмыс атқарып жатқанын атап өткен жөн. Елшілер шетелдерде түрлі кездесу өткізіп, елімізге инвесторларды жетелеп әкеледі деуге болады. Бірақ жобаны жүзеге асыратын кезде жергілікті жерде түрлі мәселе туындайды. Бір сөзбен айтсақ, біз дайын инвесторлардан айырылып қалып жатырмыз", - деді ол.


Тоқаев инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау яғни, жер бөлу, рұқсатнама беру, инфрақұрылыммен қамту - әкімдердің міндеті екенін атап өтті.

Әрине, орталыққа да өзгеріс жасау керек. Осыған қатысты бірқатар ұсыныс бар екенін білемін. Премьер-Министр Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте бәрін қайтадан талқылап, өзара келісілген шешімді маған енгізуі қажет", - деп тапсырды Президент.


Бұдан әрі Әлихан Смайылов Қазақстандағы кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі жұмыс туралы баяндады. Биылдан бастап бизнесті реттеудің жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр. Бизнеске қойылатын басы артық талаптарды анықтау бойынша ауқымды ревизия жүргізілуде.

Бүгінде осындай 7 мыңға жуық талап анықталды, олар жойылады", - деп сендірді спикер.


Мемлекеттік бақылау жүйесін реформалаудың жаңа кезеңі - тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы тексерулерден бұзушылықтардың алдын алуға ауысу басталды.

Бұл жұмыс келесі жылы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий мерзімі өткеннен кейін аяқталуы тиіс. Қабылданып жатқан шаралар ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді", - деді Премьер-Министр.


Сонымен қатар, бәсекелестікті дамыту үшін экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту жалғасады. Атап айтқанда, Жекешелендіру бойынша кешенді жоспарға қосымша 171 объект енгізілді, халық тұрмысы үшін маңызы зор сумен, электрмен және жылумен жабдықтау салаларындағы 200-ге жуық әлеуметтік маңызы бар объекті алынып тасталды, "ҚазМұнайГаз" халықтық IPO өткізілді.

Бұған дейін Тоқаев Қазақстан мүмкіндігінше ресейлік инвестицияларды тартатынын айтқан болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны