05.03.2021, 16:27 20398

ОПЕК+ шешімінен кейін теңге нығайды

Бүгінгі сауда сессиясында теңгенің аздап нығаюы түрлі бағыттағы серпінді көрсеткен сыртқы іргелі факторлармен тікелей байланысты.
Нұр-Сұлтан. 5 наурыз. Kazakhstan Today - 4 наурыздағы Министрлік кездесуде ОПЕК + сәуір айында өндірісті көбейтпеу туралы шешім қабылдады. Осы шешім жарияланғаннан кейін мұнай бағасы көтеріле бастады. Сондай-ақ, жағдай қазақстандық ұлттық валютаға да әсер етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Бүгінгі сауда сессиясында теңгенің аздап нығаюы түрлі бағыттағы серпінді көрсеткен сыртқы іргелі факторлармен тікелей байланысты. Ең алдымен, теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі әсер етті. Brent эталондық сұрыпты мұнай бағасын белгілеу бейсенбінің ашылу бағасымен салыстырғанда, жұма күні таңертең 5%-дан астам қосып, бұрын қол жеткізілген ең жоғары мәндерге қайта оралды. Мұнай нарығында қалыптасқан жағдайға сәуірде өндіріс көлемін өзгеріссіз сақтау туралы ОПЕК+ шығарған күтпеген шешім жөніндегі жаңалықтар себеп болды. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы өндірісті күніне 1 млн баррельге ерікті түрде қысқартуды сақтағысы келетін ниетін жеткізді", - деді ҚР Ұлттық Банкі Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.

 
Оның айтуынша, бұған дейін кездесу қорытындысы бойынша, елдер өндіруді күніне 0,5 млн баррельге арттырады деп күтілген болатын. Екінші жағынан, көптеген валюталарға қарсы АҚШ долларының нығаюы байқалды. 
 
Теңгеге қысымның қосымша факторы – Ресей рублінің әлсіреуі болды, ол Bloomberg хабарламасы аясында АҚШ пен Ұлыбритания химиялық қаруды пайдаланғаны үшін Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін талқылайтын дереккөздерге сілтеме жасай отырып, 0,7%-ға арзандады. АҚШ соңғы шара ретінде ЕО-мен бірге дербес борышқа санкциялар енгізу туралы мәселені қарастыратыны туралы хабарлады. РФ ОБ деректері бойынша, шетелдік инвесторлар жалпы нарықтың 23,4%-ын иелене отырып, федералдық борыштың рубльдегі облигацияларында 42,8 млрд доллар ұстайды.
 

Осы оқиғалар аясында 5 наурызда АҚШ долларының теңгеге қарсы биржалық сауда-саттығы бір доллар үшін 419,00 деңгейіне дейін аздап нығаюмен ашылды. Түрлі бағыттағы сыртқы факторлардың әсерінен еркін өзгермелі айырбас саясаты аясында теңге бағамының серпіні сұраныс пен ұсыныстың әсерінен қалыптасуын жалғастырып келеді", - деп түйіндеді Нұржан Тұрсынханов.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны