Парламент 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдады
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Бюджет саясатының және бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану процесінің тиімділігін арттыру мақсатында заң жобасында бюджет шығыстарының қайтарымдылығын арттыруға бағытталған бюджет процесін жетілдіру көзделеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, заң жобасы бюджет заңнамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қамтиды, соның ішінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің лимиттерін айқындау тәсілдерін өзгерту, мемлекеттік органдардың бюджеттік өтінім құрамында бюджеттік субсидиялар мен бюджеттік инвестицияларға мәлімделген шығыстардың экономикалық қайтарымдылығына бағалау жүргізуі, бюджеттің атқарылуын жетілдіру жөніндегі нормаларды қарастыратын бюджеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі талдамалық есептің құрылымын өзгерту көзделеді.
Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарастыру барысында жекелеген нормаларды жетілдіру мақсатында:
- облыстық бюджетке 50 пайыздан аспайтын және аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) бюджетке 50 пайыздан кем емес мөлшерде корпоративтік табыс салығынан түсетін түсімдерді бөлу нормативін белгілеу бойынша;
- қарыз шартында белгіленген мерзімде қарыз қаражатының игерілмеуіне жауапты лауазымды адамның (бірінші басшының) атауын нақтылау бойынша;
- Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты жекелеген заңдарға;
- Ұлттық қордан кепілдік берілген трансферт мөлшерін жоспарлаудың контрциклдық бюджеттік қағидаларын қолданысқа енгізу мерзімін нақтылау бойынша түзетулер ұсынылды. Мемлекет басшысының екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын жетілдіру, бағалау қызметін және атқарушылық іс жүргізуді реттеу бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында осы заң жобасы аясында азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер енгізілді және онда:
- жеке тұлғаның тұрғын үймен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздар бойынша мерзімі өткен міндеттемені кепілге салынған мүліктің болмашы және мөлшерлес емес құнына жатқызу үшін орындалмаған міндеттеме сомасын 10%-дан 15%-ға дейін және мерзімді өткізіп алу кезеңін 3 айдан 6 айға дейін арттыру көзделеді, бұл мүлікке өндіріп алуды қолданудан бас тарту үшін негіз болады;
- кепіл берушінің кепілге салынған мүлікті соттан тыс, сондай-ақ сот арқылы өткізу кезінде өз бетінше өткізу рәсімінің міндеттілігін белгілеу;
- тараптардың келісімі бойынша ипотеканы соттан тыс тәртіппен өткізу кезінде сенім білдірілген адамды айқындау (қазіргі уақытта кепіл ұстаушы айқындайды);
- ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша кепілге берілген жылжымайтын мүлік сот тәртібімен сатылған жағдайда, борышкер-жеке тұлғада ең төменгі жалақының 2 еселенген мөлшерінен (қазіргі уақытта – 1 ЕТЖ) асатын өндіріп алу қолданылуы мүмкін өзге мүлік немесе табыстар болмаған кезде ипотеканы тоқтату;
- сауда-саттықта сату бағасын төмендету шегін бастапқы бағалау құнының 75 пайызынан төмен емес мөлшерде белгілеу;
- жосықсыз бағалаушылар тізілімін ендіру және олардың біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту көзделеді.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.