19.03.2021, 19:28 21811

Премьер-министр кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шараларын қарастыруды тапсырды

"Біздің міндетіміз – бизнесті жүргізуге қажетті жағдайларды жетілдіру және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешу".
НҰР-СҰЛТАН. 19 НАУРЫЗ - 18 наурыз күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис отырысын өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Үкімет басшысы реттелетін сатып алулардағы жергілікті қамтуды бақылауды, өңірлердің экономикалық картасын уақытылы әрі сапалы толтыруды қамтамасыз етуді, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын жүктеу мақсатында оларды паспорттауды аяқтауды және микроқаржы ұйымдарын құруды жеделдетуді тапсырды.
 

Біздің міндетіміз – бизнесті жүргізуге қажетті жағдайларды жетілдіру және кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді жедел шешу", — деді А. Мамин.

 

Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Т. Құлыбаев биылғы 11-12 наурызда экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы бизнес өкілдерімен өткен қосымша кездесулердің қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 59 жүйелі салалық мәселесі айқындалғанын атап өтті. "Атамекен" ҰКП ұсынған мәліметтер негізінде Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жеке секторды қолдаудың қосымша шараларын, оның ішінде ШОБ-тың кредиттеуге қолжетімділігін одан әрі кеңейту, бизнеске реттеушілік және фискалдық жүктемені төмендету, отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға, оффтейк-келісімшарттарды қолдануды кеңейтуді қоса алғанда, жер қойнауын пайдаланушылардың және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның сатып алуларына қатысу әлеуетін дамыту арқылы қарауды тапсырды.

 
Пысықталып жатқан шаралар аясында өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу шарттарындағы айырмашылықты ескере отырып, АӨК-те субсидиялау жүйесі жетілдіріледі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қаржыландырудың қолжетімділігі артады.
 
Премьер-Министрдің баспасөз қызметі атап өткендей, 2021 жылы "Қарапайым заттар экономикасы", "БЖК-2025", "Еңбек", "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламалары және Ұлттық банктің айналым қаражатын толықтыруға несиелендіру бағдарламасы аясында бизнесті қолдауға 703 млрд теңге қаражат қарастырылған. "Қарапайым заттар экономикасы" жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша 2019 жылғы желтоқсан мен 2021 жылғы наурыз аралығында 700,3 млрд теңгеге 2855 жоба мақұлданды, 556,5 млрд теңгеге 2273 жоба субсидияланды. "БЖК – 2025" бағдарламасын іске асыруда оң динамика байқалуда — осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 88,2 млрд теңге сомасына 669 жоба субсидияланды, 2900 жоба кепілдендірілді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны