19.10.2022, 14:28 11681

Президент Алматы облысында жайылымдардың жетіспеушілігін өткір мәселе деп атады

Тоқаев Алматы облысының ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік әлеуетінің тақырыптарын көтерді.
Президент Алматы облысында жайылымдардың жетіспеушілігін өткір мәселе деп атады
Қонаев. 19 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Алматы облысының жұртшылығымен кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік әлеуетінің тақырыптарын көтерді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Аймақта тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл – тұрғындардың малын жаятын жердің тапшылығы. Биыл облыста бос жатқан 300 мың гектар жер анықталған. Оның басым бөлігі – жайылым. Жер иелері 100 мың гектар жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Оның 50 мың гектары қазірдің өзінде халықтың игілігіне берілді", - деді Президент.

 
Ол өңірде жеміс-жидек өсіруге зор мүмкіндік бар екенін атап өтті. Бірақ, бұл мүмкіндік толық іске жаратылмай отыр.
 

Алматының алмасы әлемге танымал ұлттық брендімізге айналуы керек. Бұл өңір алмадан басқа да түрлі жеміс-жидек өсіретін бау-бақшасымен танымал. Оны дұрыстап дамытса, облыс елімізді жеміс-жидекпен қамтамасыз етумен қатар, оны экспорттай алатыны сөзсіз. Алматы қаласының іргелес тұруы да – қолайлы фактордың бірі. Қазір менің тапсырмам бойынша шаһардың азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама жүзеге асса, облыстың ауыл шаруашылығы тың қарқынмен дамиды", - деп есептейді Мемлекет басшысы.

 
Тоқаевтың айтуынша, өңірде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90%-ды құрайды. Бұл елдегі ең жоғары көрсеткіш. Облыс азық-түлік, сусындар, қағаз өнімдері, пластикалық құбырлар және өндірістік-шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын басқа да тауарлар өндірісінде көш бастап тұр.
 
Мұнда "Фудмастер", "Данон", "Адал", "Райымбек Агро", "Хамле", "Галанс Боттлерз", "Кока Кола", "Кнауф Гипс Қапшағай" сияқты ірі кәсіпорындар орналасқан.
 

Олардың өнімдері танымал және сұранысқа ие қазақстандық брендке айналды. Құрылыс материалдарының 70-тен астам түрін өндіре отырып, аймақ бүкіл ел үшін құрылыс индустриясы өнімдерінің негізгі жеткізушісі бола алады", - деді Президент.

 
Бүгінгі таңда, деп жалғастырды ол, облыста екі индустриялық аймақ және құрылу сатысында тағы екі аймақ жұмыс істейді. Бұдан басқа, Алматы мен Қонаев қаласы арасында салынып жатқан Gate City спутник-қаласының аумағында перспективалы жобаларды орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақ ашылады. Мемлекет басшысы бұл жұмысты жандандыруды тапсырды.
 
Президент өз сөзінде шетелдік компанияларды Ресейден Қазақстанға көшіру мәселесін де қозғады. Президенттің айтуынша, олардың елуден астамы бар.
 

Олардың барлығын ірі қалаларда шоғырландыру нәтижесіз. Әкімдік мұндай өндірістерді Алматының жанында БАКАД периметрі бойынша орналастыруды пысықтауы керек, бұл облыс экономикасына айтарлықтай көмектеседі. Бұл мәселені әкімдік Үкіметпен және компаниялармен талқыласын", - деп тапсырды Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы атап өткендей, облыс орталығы Алматыға қатысты "контрмагнит" болуы тиіс.
 

Біз инвесторлардың жаңа өндірістерді, оның ішінде басқа елдерден релокацияны жүзеге асыратын өндірістерді ашуы үшін барлық жағдай жасауға тиіспіз. Бұл мәселені шетелдік серіктестермен кедергісіз және үздіксіз тауар алмасу мақсатында қазірдің өзінде пысықтау қажет", - деп санайды ол.

 
Өңірде негізгі салық алымдары түсетін бірқатар ірі экспорттаушы кәсіпорындар жұмыс істейді.
 

Оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну арқылы өндірістерді кеңейтуге көмектесу керек. Ұлттық экономика және қаржы министрліктері ұсыныстарды бір ай мерзімде жолдасын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны