05.04.2022, 14:46 12991

Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін қосымша 1,8 трлн теңге бөлінеді

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 1,6 трлн теңгеге артады.
НҰР-СҰЛТАН. 5 СӘУІР - Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталатын болады. Бұл туралы Үкіметте 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қарау барысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Нақтылау шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ бұған дейін қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілді. Аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылды", - деді Қаржы министрі.

 
Оның айтуынша, бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды: 
 
- бюджеттің өз кірістері – 1,1 трлн теңге; 
 
- Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту – 1,6 трлн теңге. 
 
Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталатын болады.
 
Бірінші. Халықтың табысын арттыру бойынша жалпы шығыстары 197 млрд теңге болатын іс-шараларды жүзеге асыру.
 

Осы қаражат шеңберінде жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етілетін болады", - деп түсіндірді Жамаубаев.

 
Екінші. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары шеңберіндегі іс-шаралар – 238 млрд.теңге. 
 

Қосымша қаражат агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығындағы басқа да мәселелерді шешуге бағытталатын болады", — деді қаржы министрі.

 
Үшінші. Жалпы сомасы 476 млрд теңгеге қосымша шығыстармен өңірлерді дамыту. 
 

Аталған шығыстардың негізгі бөлігі 271 млрд теңге немесе 57% батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға бағытталған. Жалпы алғанда, нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңгеден астам қаражат немесе жалпы шығыстардың 29,3%-і бағытталатын болады", — деді Е. Жамаубаев.

 
Сондай-ақ қосымша қаражат шеңберінде инфляция дәлізінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік төлемдерді индекстеуге арналған шығыстар көзделген. Бұл 110 млрд теңгеден асады.
 
Қаржы министрлігінің деректері бойынша, бюджет түсімдері 15,8 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге 17,3%-ті құрайды. Шығыстар 18,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 20,5% деңгейінде болжануда. Бюджет тапшылығы бұрын бекітілген деңгейде сақталды.
 
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт мөлшерін 2022 жылы 3 046 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны